Жәнібек Әлімханұлы WBO титулы үшін енді кімдермен жұдырықтасуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Британиялық журналист Эшли Фиссенден Жәнібек Әлімханұлының бос тұрған WBO чемпионы атағы үшін жекпе-жек өткізуі мүмкін екі боксшыны атады, деп хабарлайды Sports.kz.

Әлімханұлы
Фото: instagram.com/janibek_alimkhanuly

Оның пікірінше, мұндай жекпе-жекке WBO рейтингінде екінші орында тұрған АҚШ атынан өнер көрсететін мексикалық Диего Пачеко немесе үшінші орында тұрған даниялық Джейкоб Бэнк үміткер болуы мүмкін.

— Ширазға келесі жекпе-жегін міндетті қарсылас Жәнібек Әлімханұлымен өткізу белгіленген еді. Алайда ол алдыңғы екі жекпе-жегіне қарағанда әлдеқайда аз гонорар алатын болды. Жәнібек допинг-тесттен өте алмай қалғанға дейін көпшілік оны орта салмақтағы үздік чемпиондардың бірі деп санады. Енді титул бос қалғандықтан, Жәнібекке рейтингте екінші тұрған Диего Пачекомен немесе үшінші орында тұрған Джейкоб Бэнкпен жекпе-жек өткізу белгіленеді деп ойлаймын, — деп жазды Фиссенден әлеуметтік желіде.

25 жастағы Диего Пачеко кәсіпқой бокста 26 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Оның 19 кездесуін нокаутпен аяқтаған. Боксшының бойы — 193 сантиметр. Пачеко WBC Silver титулының иегері.

2026 жылдың басында Пачеко WBO рейтингінде екінші орында тұрған. Ол бос тұрған әлем чемпионы атағы үшін Хамза Ширазбен жекпе-жек өткізуі тиіс еді. Алайда америкалық боксшы бұл кездесуге қатысудан бас тартты.

Даниялық 25 жастағы Джейкоб Бэнк те кәсіпқой рингте жеңіліп көрмеген. Ол 20 жекпе-жекте жеңіске жетіп, оның 11-ін нокаутпен аяқтаған. 2026 жылғы қаңтарда Бэнк IBF нұсқасы бойынша бұрынғы әлем чемпионы Уильям Скаллды 12-раундта нокаутқа түсіріп, сенсациялық жеңіске жетті.

Бұған дейін Жәнібек Әлімханұлы Шираздың титулына таласатынын мәлімдеген болатын. 

Мұнан соң қазақстандық боксшы мен британдық Хамза Шираз арасындағы жекпе-жек қашан өтетіні белгілі болған еді. Алайда Хамза Шираз WBO нұсқасы бойынша суперорта салмақтағы әлем чемпионы титулын жеңіліс көрмеген қазақстандық Жәнібек Әлімханұлына қарсы міндетті түрде қорғаудан бас тартып, белбеуінен айырылды.