Жәнібек Әлімханұлының чемпиондық жекпе-жек алдындағы әлсіз тұсы анықталды

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-та қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлының WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағы үшін өтетін жекпе-жектегі мүмкіндігіне баға берілді, деп хабарлайды INFORMSPORTS. 

Жәнібек Әлімханұлы дисквалификацияны жоюды талап етті: WBO шешімін айтуы тиіс
Фото: janibek_alimkhanuly / instagram

Америкалық Boxing News 24 порталы қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы мен даниялық Якоб Банк арасындағы алдағы жекпе-жекке талдау жасады. Екі боксшы 23 қаңтарда Данияның Хорсенс қаласында екінші орта салмақтағы (76,2 келі) WBO ұйымының бос тұрған чемпиондық белбеуін сарапқа салады.

Басылым сарапшыларының пікірінше, 25 жастағы Якоб Банктің тәжірибелі қазақстандық қарсыласынан бірнеше артықшылығы бар. Атап айтқанда, оның жасы, жекпе-жектерге тұрақты қатысуы және екінші орта салмақ дәрежесіне бейімделуі ерекше атап өтілген.
2026 жылы Банк үш кездесу өткізсе, 33 жастағы Әлімханұлы биыл рингке шықпаған.

Сарапшылар мұны қазақстандық боксшының басты осал тұстарының бірі деп есептейді.
Сонымен қатар, америкалық портал Банктің кубалық Уильям Скуллды 12-раундта тоқтатқан жеңісіне назар аударған. Бұған дейін Скулл мексикалық Сауль «Канело» Альвареске қарсы 12 раунд толық жұдырықтасқан болатын. Мамандардың пайымдауынша, даниялық боксшы үздіксіз қысым жасаудың арқасында нәтижеге қол жеткізген.

Дегенмен Жәнібек Әлімханұлының да басым тұстары бар. Атап айтқанда, оның чемпиондық жекпе-жектердегі тәжірибесі мен қауіпті қарымта соққылары қарсыласына айтарлықтай қиындық тудыруы мүмкін.

Сарапшылар қазақстандық боксшының британдық Дензел Бентлиді төрешілер шешімімен қиындықпен жеңгенін де еске салды. Олардың пікірінше, бұл кездесу Әлімханұлының беделі кез келген қарсыласты оңай жеңуге кепіл бола алмайтынын көрсеткен.

Айта кетейік, екінші орта салмақтағы WBO чемпиондық белбеуі британдық Хамза Шираз титулынан бас тартқаннан кейін бос қалған. Ол Жәнібек Әлімханұлына қарсы міндетті титул қорғау жекпе-жегін өткізуден бас тартқан болатын.

Осылайша, «Қазақ стилі» атанған Жәнібек Әлімханұлы үшін алдағы кездесу жаңа салмақ дәрежесіндегі маңызды сынақ болмақ.

Айта кетелік Жәнібек Әлімханұлы 23 қаңтарда әлем чемпионы атағы үшін жекпе-жек өткізеді.