Жәнібек Әлімханұлының кезекті жекпе-жегі Қазақстанда ұйымдастырылады – Спорт министрі

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан боксшы Жәнібек Әлімханұлының кезекті жекпе-жегі еліміздің аумағында ұйымдастырылуы мүмкін. Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлім етті.

 WBO ұйымы Жәнібек Әлімханұлына чемпиондық титулын қорғауға ордер берді
Фото: No Limit Boxing

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ринат Зайытов әлемге танымал Қазақстан спортшыларының жекпе-жектерін елдің өңірлерінде ұйымдастыру мәселесін көтерді.

«Әлемдік деңгейде елдің назары ауып отырған спорт түрлерінде екі көкжалымыз бар. Біреуі - Шавкат Рахмонов, ал екіншісі - Жәнібек Әлімханұлы. Кезінде Геннадий Головкиннің бір жекпе-жегін Қазақстанда көруді армандап едік. Туризмді дамыту мақсатында Шавкат пен Жәнібек сияқты спортшылардың өз қарсыластарымен жекпе-жегін еліміздің өңірлерінде өткізетін мүмкіндік бар ма? Яғни, Астана мен Алматыдан басқа қалаларда», - деп сұрады депутат.

Өз кезегінде Ербол Мырзабосынов UFC 310 турнирінде Шавкат орта салмақтағы UFC чемпионы Белал Мухаммадпен жұдырықтасуы жоспарланғанын, алайда америкалық-палестиналық жекпе-жек шебері денсаулығына байланысты жарысқа қатыса алмай қалғанын еске салды. 

«Шавкат Рахмонов тиісті дайындықтан өткен болатын. Өкінішке қарай, оның қарсыласының денсаулығына байланысты бұл жекпе-жек кейінге шегерілді. Ал Жәнібек Әлімханұлына тоқталсақ, спортшыға мемлекет тарапынан және азаматтардың қолдауымен келешекте елімізде бір жекпе-жегін ұйымдаструды ойластырып жатырмыз», - деді министр.

Айта кетейік, UFC-де әлемге танылған қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмонов кезекті кездесуін жартылай орта салмақта (77 келіге дейін) UFC чемпионы титулының бұрынғы иегері нигериялық Камару Усманға қарсы өткізеді

Жекпе-жек Лас-Вегаста (АҚШ) 8 желтоқсанда өтетін UFC 310 турнирінде ұйымдастарылады

Соңғы жаңалықтар