Жәнібек Әлімханұлының рингке қашан оралатыны белгілі болды

жәнібек
Фото: instagram.com/janibek_alimkhanuly

АСТАНА. KAZINFORM —  WBO және IBF тұжырымы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы (15-0, 10 КО) ESNews арнасына берген сұхбатында жаздың ортасында Лас-Вегаста рингке шығуды жоспарлап отырғанын растады.

Бұған дейін америкалық инсайдерлер «Қазақ стайлдың» жаңа жекпе-жегі жаңазеландиялық міндетті қарсылас Андрей Михайловичпен (21-0, 13 КО) болатынын жазған. 

Телеарнаға сұхбатында Жәнібек қарсыласының атын атамай, жекпе-жек өтетін күнді ғана жариялады.

«13 шілде күні Лас-Вегастағы Palm Casino Resort кешенінде өтеді», — деді Жәнібек Әлімханұлы.

Еске сала кетейік, Жәнібек Әлімханұлының соңғы айқасы өткен жылдың қазан айында болған.

Ол неміс боксшысы Винченцо Гуальтиериді (22-1-1, 7КО) мерзімінен бұрын жеңіп, одан IBF титулын тартып алған еді.  

26 жастағы Андрей Михайлович мансабында алғаш рет Жаңа Зеландиядан тыс жерде өнер көрсетеді. 

Ол Әлімханұлымен жекпе-жекті IBF титулына ресми үміткер ретінде қабылдады.

Михайлович — Ресей тумасы, оны егіз бауырымен бірге Жаңа Зеландиядан келген ерлі-зайыптылар бір жарым жасында асырап алған.

 

Соңғы жаңалықтар