Жанбота Алдабергенова Кореядағы тамақ туралы: Ең бастысы ет бар

ПХЕНЧХАН. ҚазАқпарат - Кореяның Пхенчхан қаласында күні кеше ХХIII қысқы Олимпиада алауы тұтанған болатын. Ақ Олимпиада ойындарында фристайлдың акробатика түрінен ел намысын Жанбота Алдабергенова қорғайды. Дүбірлі дода алдында қазақстандық спортшы дайындық туралы «ҚазАқпарат» тілшісіне әсерімен бөліскен еді.

Жанбота Алдабергенова Кореядағы тамақ туралы: Ең бастысы ет бар

- Жанбота Еркінқызы, көптен күткен Олимпиаданың алауы тұтанды. Қандай сезімдесіз?

- Иә, армандаған күндерге  келіп жеттік. Енді сол арманның орындалған сәтін көру, сезіну ғана қалды. Дәл қазіргі көңіл-күйім жақсы. Күнделікті жаттығуымды да ойдағыдай жасаудамын. Бүгін бізде Олимпиада алдындағы соңғы жаттығуымыздың алғашқы күні. Қазір жаттығу алаңына шығайын деп жатырмын. Ал кесте бойынша мен сайысқа 15 ақпанда шығамын.

- Кореяның ауа райына үйреніп қалған боларсыз?

- Иә, ауа райы да алғашқы келген күндерге қарағанда, қолайлы сияқты. Мүмкін ауа райына үйреніп қалдықпа?!.

- Жатын орындарыңыз жайлы ма? Өзге елдің тағамдары  көңіліңізден шығып жатыр ма?

- Жатын бөлмелеріміз сәл тарлау. Бірақ, жылы таза. Тамақтары да жаман емес. Ең бастысы ет бар.

- Жаттығудан келген соң, бос уақытыңызда немен айналысасыз?

- Бізде, сіз ойлағандай бос уақыт жоқ.  Әр сағатымыз кесте бойынша жоспарланған.

- Олимпиаданың жалпы спорттың жүгі ауыр. Осы саланы таңдағаныңызға өкінбейсіз бе?

- Жоқ, өзіміз таңдап алған кәсібіміз осы спорт. Сондықтан, бәріне шыдау керек.

- Әңгімеңізге рахмет! Сәттілік болсын!