Жаңбырлы жаз - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 23 шілде, сенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

Жаңбырлы жаз - баспасөзге шолу

***

«Егемен Қазақстан» газеті -25 шілде аралығында да ел аумағының басым бөлігі жаңбырлы болатынын ескертіп отыр.

«Республикамыздың шығыс және батыс бөлігін торлаған екі циклон, атмосфералық фронттар жүйесі арқылы өзара байланысты. Сондықтан, демалыс күндері Қазақстан облыстарының басым бөлігінде әлі де тұрақсыз ауа райы, жауын-шашын, найзағай, кей жерлерде 15-23 м/с екпінді жел болып, Іле Алатауында алдағы тәулікте нөсер жүреді. Батыс өңірде Ресейдің еуропалық аумақтарынан ығысқан циклон әсерінен ыстықтың беті қайтып, өткен түнде басталған жаңбыр, алдағы үш тәулікте де жалғасады» деп хабарлады кеше «Қазгидромет» РМК.

Ал кеше түнімен жауған жаңбыр Астана көшелерін көл-көсір өзенге айналдырып, таңертең жұмысқа асыққан жұртты әбден әбігерге салды,деп жазады басылым. Біреулері белуардан су кешіп, көліктерінің жоғалған мемлекеттік тіркеу нөмірлерін іздесе, енді бірі топан ортасына тоқтап қалған көлігін сүйреп сарсаңға түсті.

«Табиғаттың осынау тосын мінезіне ауылдағы шаруа қуанып отыр. Өйткені, биыл егін бітік, шөп шүйгін шыққан. Енді жинап алар кезде жаңбыр тағы толастамай, кедергі жасамаса болғаны...»6 дейді басылым. Бұл туралы толығырақ «Жаңбырлы жаз» мақаласынан оқи аласыздар.

***

«Экспрес К» басылымының хабарлауынша, Солтүстік Қазақстан облысында  бруцеллез ауруына шалдыққан сиырларын  тапсырмаған тұрғын енді мемлекет пайдасы үшін бір жарым миллион теңге айыппұл төлеуі керек екен. Бірақ, қарапайым шаруа бүкіл мүлігін сатса да, бұл ақшаны жинай алмайтын көрінеді. «Үстіме бензин құйып, өзімді өртеуден басқа амал жоқ»,-дейді телефон арқылы «Экспресс К» газетінің тілшілерімен сөйлескен Николай Чернышев. Оқиғаның мән жайын толығырақ басылымның бүгінгі санынан оқи аласыздар.

***

Биыл шілде айының басында Павлодар-Өскемен автомагистралі төселіп жатқан жердің маңында Байдала ауылында, бір жарым метр тереңдікте орта ғасырдан қалған дөңгелек табылған. Бұл артефакт Қазақстанда алғаш рет табылып отыр, сондықтан да елдің бүкіл ғылыми ортасының қызығушылығын арттырып отыр. Бұл туралы «Казахстанская правда» газеті жазып отыр.

Ғалымдардың айтуынша, бұл көне жәдігер қазіргі Павлодар облысының аумағын мекен еткен Қимақ қағанатының астанасы осы аумақта болғанын және олардың техникалық деңгейі жоғары болғанын дәлелдейді. Бұл жәдігер Х-ХІІ ғасырлардағы Қимақ қағанатының өркендеген кезінен қалған жәдігер екені айтылып отыр. Ғалым Тимур Смағұловтың хабарлауынша, ғадымдар жәдігер табылған орынды қазбай, жаңа технологияның арқасында оны топырағымен  бірге Павлодар қаласына жеткізген. Толығырақ «Казахстанская правда» газетінің бүгінгі санынан оқи аласыздар.