Жандарбек Бекшин екпеге немқұрайлы қарамауға шақырды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Еліміздің бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин қазақстандықтарды екпеге немқұрайлы қарамауға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қосымша иммундау алдын ала екпе жұмыстарын жүргізудің тиімділігін дәлелдеп берді. Иммундаудың арқасында қызылша дертіне шалдығу жағдайы екі есеге төмендеді. Жоспарлы екпе жұмыстарын ұмыт қалдырмау керек. Сонымен бірге, жаз айларында балалардың демалыс уақыты басталады. Яғни, ел ішінде - қалалар мен облыстарда миграция басталады. Мұның артынша сауықтыру лагерлерінде қызылшаның, күртіктің белең алуы әбден мүмкін. Осыған байланысты алдын ала балалардың екпе алғанын немесе алмағанын білген абзал», - деді Жандарбек Бекшин елордадағы инфекциялық аурулардың алдын алу бойынша республикалық штабтың отырысында.
Бас санитарлық дәрігер ата-аналарға өтінішін жолдады.
«Балаларда қызылшаға қарсы күнтізбелік екпе барын білгеніңіз дұрыс. Әсіресе, сауықтыру лагерлерінде сақ болған жөн. Қызылшадан қорғанудың бірден-бір амалы - екпе екенін естен шығармау керек. Бұл сұрақтарды әрдайым бақылауда ұстап жүруді өтінемін», - деді ол.
Жандарбек Бекшин сондай-ақ менингококк менингитімен тіркелген пациенттердің барын ескере отырып, алғашқы белгілер анықталған жағдайда медициналық мекемеге ерте бару керектігін ескертті.