«Жанға дауа кино» қайырымдылық жобасы аясында Голливуд және Ресей жұлдыздары балалар онкологиялық орталығы мен балалар Хосписінде болып қайтты

АЛМАТЫ. 2 желтоқсан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда «Tengri Pictures» кино компаниясы мен Халықаралық «Tengri» клубының ұйымдастыруымен «Жанға дауа кино» қайырымдылық акциясы өтіп жатыр.
None
None

Жобаның мақсаты диагнозына қарамастан барлық баланың кино көруіне, белгілі әнші, әртістермен және кино жұлдыздарымен кездесуіне мүмкіндік жасау болып табылады.

«Жоба жанға батқан сырқатқа шыдап, өмір үшін арпалысқаннан басқа амалы жоқ балалар мен жасөспірімдерге арналған. Біздің кинематография саласында таныстарымыз көп. Біз осыны пайдаланып, кино жұлдыздары арқылы балалар проблемасына жұртшылық назарын аударғымыз келеді. Бұл атауды таңдап алуымыздың себебі де осы», - дейді жобаның бас продюсері Джулия Ғани.

Кеше аталмыш шараның бірінші күні мүмкіндігі шектеулі балалар Royal Tulip Almaty қонақ үйінде Синтия Ротрок, Арманд Ассанте, Боло Янг, Дэнни Трэхо, «Айдаһар» ныспылы Дон Уилсон, Оливье Грюнер, Кэрри Тагава сынды танымал Голливуд жұлдыздарымен кездесті. Сондай-ақ, балалар мөлтек фильмдер мен көркем фильмдерді тамашалады. «Бұл кездесулер балалардың көңілін көтеруге, бір күн болсын көңілдерінің жадырауына ықпал етеді деген үміттеміз», дейді шараны ұйымдастырушылар.

Жоба шеңберінде Алматыға әлемдік кинематографта аты аңызға айналған актер, көптеген көрерменнің кумирі Ален Делон де келді. Қазақстанға тұңғыш рет ат басын тіреген атақты актер айықпас онкологиялық дертке шалдыққан балаларға арналған Хосписте болып қайтты. Ал, Авраам Руссо, Агния Дитковските, Егор Кончеловский сынды жұлдыздар Алматыдағы Онкология институтының балалар бөлімшесіне ат басын тіреді. Жұлдыздар балаларға әкелген сый-сыяпаттарын жасап, балалармен әңгімелесті. Ұйымдастырушылар бүлдіршіндерге арнайы дайындаған ойын-сауық бағдарламаларын ұсынды.

«Бүгінгі таңда Қазақстанда қайырымдылықпен айналысқан жандарды дұрыс түсінбейтіндер жетіп артылады. Біз үшін ең бастысы демеушілерді жарнамалау емес, балаларға көмектесу. Бізден «неге сіздер шетелдік жұлдыздарды шақырып ақша шашқанды жақсы көресіздер, оның орнына тонналап дәрі-дәрмек сатып алуға болатын еді ғой» деп сұрайтындар баршылық. Бірақ оларға сол тонна-тонна дәрі-дәрмектің қажеті жоқтығын айтқым келеді. Қазір бұл балаларға керегі - ауруын уақытша болса да сездірмейтін, оның жанға батпауына көмектесетін дәрілер ғана керек»,-деді Д. Ғани.

Жоба соңында салтанатты кешкі ас беріледі. Шара барысында эксклюзивті кино жобалардың тұсауы кесіліп, алғашқы қазақстандық кинонаградалар табыс етіледі және қайырымдылық аукционы өтеді. Аукционнан жиналған қаржы Алматы қаласындағы №1-ші балалар хосписіне реанимациялық автокөлік сатып алуға жұмсалмақ. Көлікті сырқат балалардың үйлеріне барып көмек көрсететін арнайы қызмет бригадасы пайдаланады. «Олар балаларға психологиялық көмек көрсетіп, дәрі-дәрмек береді және ата-аналарға қолдау көрсетеді. Осы қызметте жұмыс істеуге келіскен еріктілер үйде қалып, балаға қарайды. Ал, ата-анасы шаруасын бітіруге уақыт табатын болады. Бұл да болса отбасындағы жағдайды біршама жақсартады деп сенеміз»,- дейді қайырымдылық акциясын ұйымдастырушылар.

Соңғы жаңалықтар