Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой бокстағы чемпиондарға үндеу жасады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жеңіліп көрмеген қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы (10-0, 6 КО) бүгін АҚШ-та WBA-дің экс-чемпионы Роб Брантты (26-3, 18 КО) жеңгеннен кейін өз дивизионындағы кіл мықтыларды жекпе-жекке шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой бокстағы чемпиондарға үндеу жасады

«Жеңістеріңіз құтты болсын, Қазақ елі! Аллаға шүкір! Мансабымыздың жаңа белесіне шықтық. Біз мықтымыз. Біздің стиль мықты. Бұйыртса QAZAQ STYLE-ді тарихта қалдырамыз. Қолдауларыңызға көп рақмет!», - деп жазды боксшы Instagram-дағы парақшасында.

Сондай-ақ Жәнібек Twitter-аккаунтында чемпиондарға қарата ағылшын тілінде твит жазды.

«Чемпиондар, қайдасыңдар? Сендерді нокаутқа жібергім келеді», - деді ол.

Еске салайық, бүгін АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өткен бокс кешінде Жәнібек Әлімханұлы америкалық Роб Брантпен жекпе-жек өткізіп, жеңіске жетті. Ол алтыншы раундта қарсыласын нокдаунға жіберді. Кейін Р.Брант тоғызыншы раундқа шығудан бас тартты.