Жәнібек Әлімханұлы өз жанкүйерлеріне видеоүндеу жариялады
АСТАНА. ҚазАқпарат – Кәсіпқой бокстан WBO тұжырымы бойынша әлем чемипоны Жәнібек Әлімханұлы Instagram-парақшасында жанкүйерлеріне видеоүндеу жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгін кішігірім серуен. Жаттығу, бәрі ойдағыдай болып жатыр. Құдай қаласа, қарашаның 12-сі күні жекпе-жек. Қолдап жатқандарыңызға көп рахмет! Сіздердің қолдауларыңыз бізге өте керек. Құдай қаласа, Qazaq Style-ді әлемге танытайық, тарих жасайық», - деді Жәнібек Әлімханұлы.
Бұған дейін қазақстандық боксшы Instagram-дағы парақшасында: «Вегаста көріскенше! Көзілдірік тағып кел, себебі мен рингте жарқырайтын боламын. Qazaq Style», - деп, Бентлиге қарата жазба орналастырған болатын.
Еске салайық, Жәнібек Әлімханұлы биылғы 22 мамырда британиялық Дэнни Дигнумды (14-0-1, 8 КО) екінші раундта нокаутқа түсіріп, WBO нұсқасы бойынша орта салмақта «уақытша» чемпион атанған еді.
Кейін Америка боксшысы Деметриус Андраде Ж.Әлімханұлымен міндетті жекпе-жектен бас тартты. Осыған байланысты, қазақстандық боксшыға «уақытша» чемпионнан орта салмақтағы WBO нұсқасы бойынша толық құқылы әлем чемпионы мәртебесі берілді.
Қазақстандық боксшыны ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады.
Ал 3 қазан күні Top Rank промоутерлік компаниясы Ж.Әлімханұлы – Д.Бентли жекпе-жегін ресми түрде жариялады.