Жәнібек Әлімханұлының кәсіпқой бокстағы екінші қарсыласы анықталды

АСТАНА.ҚазАқпарат - «Qazaq promotions» компаниясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстандық танымал боксшы Жәнібек Әлімханұлы 9 қыркүйекте Астанадағы кезекті жекпе-жегінде бразилиялық Кармелито де Жезуспен қолғап түйістіреді.

Жәнібек Әлімханұлының кәсіпқой бокстағы екінші қарсыласы анықталды

Рио Олимпиадасындағы сәтсіздіктен кейін Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой бокста екінші орта салмақта бақ сынауды жөн көріп, алғашқы жекпе-жегін 2016 жылдың қазан айында өткізген еді. Ол Алматыда Қанат Исламның қатысуымен өткен бокс кешінде колумбиялық Милтон Нуньесті техникалық нокаутпен жеңді.

Бразилиялық боксшы кәсіпқой рингте 23 кездесу өткізіп, 18-інде жеңіске жеткен. Сондай-ақ, ол 15 жекпе-жегінде уақытынан бұрын жеңіске жетіп, 5 кездесуде жеңілген.

Айта кетейік, жаңа ережелерге сәйкес, кәсіпқой бокстағы боксшылар AIBA-ның әлем чемпионаттарына және Олимпиада ойындарына қатыса алады. Дегенмен, кәсіпқой бокс ұйымдары өз чемпиондарын Олимпиада ойындарына қатысуға өз рұқсатын бермейтінін хабарлаған болатын.

Еске салсақ, 9 қыркүйекте Астанадағы «Сарыарқа» велотрегі ғимаратында Қанат Ислам (24-0,19КО) канадалық Брэндон Кукпен (18-0, 11КО) жұдырықтасады. Қанат бірінші орта салмақтағы WBO NABO және WBA Inter-Continental чемпиондық атақтарын қорғайды. Осы жекпе-жектің андеркартында 8 қазақстандық боксшы өнер көрсетеді. Олар - Жанқош Тұраров (21-0, 15КО), Жәнібек Әлімханұлы (1-0, 1КО), Мейірім Нұрсұлтанов (3-0,2КО), Руслан Мырсатаев (3-0, 3КО), Әли Ахмедов (7-0,5КО), Айдос Ербосынұлы (6-0, 6КО), Димаш Ниязов (11-0-3, 5КО) және Нұрсұлтан Жаңабаев (2-0,1КО).