11:27, 16 Тамыз 2010 | GMT +5
Жәнібек Қандыбаев Қазақстанның жасөспірімдері арасынан алғашқы Олимпиада чемпионы атанды
АСТАНА. Тамыздың 16-сы. ҚазАқпарат - 2010 жылғы тамыздың 14-і мен 26-сы аралығында, Сингапурда әлемнің 205 елінен келген спортшылар бақ сынасып жатқан І Жасөспірімдердің жазғы олимпиада ойындары өтіп жатыр.

Олимпиаданың алғашқы ойын күні Қазақстан үшін олжалы болды, Астанадағы спортта дарынды балаларға арналған ресупбликалық мектеп-интернаттың тәрбиеленушісі, Жамбыл облысынан шыққан грек-рим стиліндегі балуан Жәнібек Қандыбаев Қазақстан қоржынына алтын медаль салды. 69 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ол өзінің төрт тартысы бойынша да жеңіске жетіп, Олимпиада тарихында Қазақстаның жасөспірімдері арасындағы алғашқы алтын медаль иегері ретінде қалатын болады, деп хабарлады ҚР Туризм және спорт министрлігі, Ұлттық штаттық командалар және спорттық резерв дирекциясы мен Спорт жөніндегі комитеттің баспасөз қызметі.