Жәнібек Жетіруовтың «Аққыз» фильмі Нью-Делидегі ХІІ «Osian's-Cinefan кинофестиваліне қатысады

«Онда Үнді, Азия және Араб елдерінің кино өнеріндегі озық үлгілер көрсетіліп, талқыланды. «Аққыз» байқаудың негізгі бағдарламасына еніп отыр. Оған фильмнің продюсері Алдабек Шалбаев пен бас кейіпкер ретінде актриса Айжан Жетірова үшеуміз барамыз. Алла бұйырса алдағы уақытта елімізде өтетін «Еуразия» кинофестиваліне де қатыспақпыз», - дейді Ж. Жетіруов. 2011 жылы түсірілген бұл туынды 16-30 қараша күндері Эстонияның Таллин қаласында өткен XV Халықаралық «Қараңғы түндер» кинофестивалінің негізгі байқау бағдарламасында Еуразияның үздік 20 фильмінің қатарында өнер сүйер қауымның назарына ұсынылған болатын. Сонда қазылар алқасының мүшесі болған «Osian's-Cinefan» кинофестивалінің президенті қазақстандық режиссерге Үндістандағы кинофестивальдерге қатысуға өтініш жасаған еді. Өткен айдың 18-і күні арнайы хат жолдап, режиссердің келісімін алған ұйымдастырушылар енді ресми шақырту жіберіп отыр.