Жания Әубәкірова «Астана Балет» оркестрімен Алматыда өнер көрсетеді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 19 қараша күні сағат 19:00-де Алматыдағы «Almaty Theatre» көпфункционалды мәдени кеңістігінің сахнасында «Астана Балет» симфониялық оркестрінің концерті өтеді. Солист – әйгілі пианист Жания Әубәкірова, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жания Әубәкірова «Астана Балет» оркестрімен Алматыда өнер көрсетеді

Театр басшылығының айтуынша, бас дирижер Арман Оразғалиевтың жетекшілігіндегі «Есімдер» атты концерт ерекше қызықты әрі мазмұнды болмақ. Кеш бағдарламасында әлемдік музыка классикасының шығармалары орындалады: Д.Шостаковичтің «Мерекелік увертюрасы», П.Чайковскийдің фортепиано мен оркестрге арналған №1 концерті мен №4 симфониясы. Бұл концерт астаналық театр сахнасында қыркүйек айында ерекше қошеметпен өткен болатын.

«Еліміздің һас дарын иелері, Жания Әубәкірова сынды ірі музыканттарымен шығармашылық байланыс орнатып, оны бекіте түскенімізге ризашылығымыз шексіз. Концерт Алматыда, еліміздің мәдени орталығында өтеді. Мұның өзі бізді ерекше толғандырады. Біз үшін бұл жауапкершілігі зор шара. Жаңа шығармашылық кездесуді тағатсыздана күтіп, қобалжып отырғанымызды да жасырмаймын. Алматылық көрерменнің есінде қаларлық өнер көрсетеміз деп үміттенемін», - деген ойымен бөлісті, «Астана Балет» театры симфониялық оркестрінің концертмейстері Қаламқас Жұмабаева.

Солист – Жания Әубәкірова. Әлемге әйгілі пианиношы, Қазақстанның халық әртісі. Оның жеке концерттері мен әйгілі оркестрлермен өткізген концерттері барысында әлемдік музыка классикасы мен отандық композиторлардың шығармалары насихатталады. Әйгілі музыканттың концерттері өз елімізде де, Франция, Англия, Германия, Жапония, Ресей, Польша, Италия, АҚШ, Израиль, Грекия, Мажарстанның ірі концерт залдарында да тұрақты түрде өтеді.

«Дирижер Арман Оразғалиевтың «Астана Балет» оркестрімен концерт өткізу жайлы ұсынысын шабыттана қабыл алдым. Алматыда өткен гастрольдік сапарда Арманның концертін тыңдаған едім. Ол консерваторияның түлегі ғой. Бұрын мен оны аспапты мінсіз меңгерген әрі парасатты музыкант ретінде білетінмін. Дирижер ретіндегі өнеріне куә болып, ол үшін де, театр үшін де ерекше риза болдым. Өз басым соңғы рет 2019 жылы концерт беріп, пандемиядан кейін астаналық көрерменмен әлі көріскен жоқ едім. Мен төрт фортепиано концертінің бірін таңдауды ұсындым – А.Скрябин, К.Сен-Санстың ІІ концерті, Й.Брамстың І концерті және П.И.Чайковскийдің І концерті. Арман Чайковскийді таңдады, мен де қуана келістім. Ерекше бір толғаныспен дайындалып жатырмын. Астанадағы концерттен кейін Almaty Theatre сахнасында өнер көрсетеміз деп шештік. Алматылық көрермен қауыммен қауышар қуанышты сәтті асыға күтіп жүрмін», - деді Жания Әубәкірова.