Жәния жаңа бағдарлама ұсынады

16 қазанда «Астана Опера» театрында Қазақстанның халық артисі, дүние жүзіне аты мәшһүр пианиношы Жәния Әубәкірованың концерті өтеді, деп жазды «Айқын» республикалық газеті бүгінгі санында.
None
None

«Жібек Жолы» II халықаралық фес­тивалінің аясында қолға алынған кеш «Астана Опера» симфониялық оркес­трі­нің қатысуымен жүзеге асады. Дири­жерлiк тізгінде әлемдегі ең жоғары сұраныстағы маэстролардың бірі, АҚШ-тан арнайы келетін қонақ - Дориан Уилсон.

Бағдарлама Тілес Қажығалиевтің «Қыз қуу» симфониялық күйімен ашы­лады. Одан кейін А.Дворжактың соңғы симфониясы орындалады. Сондай-ақ Сергей Рахманиновтың фортепиано мен оркестрге арналған № 3 ре минор, op. 30 концерті тыңдарман назарына ұсынылады. Музыкалық туын­ды 106 жыл бұрын дүниеге келген, алайда күні бүгінге дейін автордың ең танымал және жиі орындалатын шығармаларының бірі болып табылады. Фортепианолық репертуарда ең күрделі әрі мағынасы кең концерттердің бірі ретінде жоғары беделге ие. - Пианиношылар үшін бұл - альпи­нистер бағындыруға ұмтылатын шырқау шың тәрізді шығарма. Бұл туындыны хас таланттар ғана репертуарына қоса алады. Құдайға шүкір, біздің қоржынымызда барлық заманның асқақ музыкалары бар. Мен үшін С.Рахманиновтың № 3 кон­цертін орындау ерекше бақыт. Шынымды айтсам, мұндай музыкалық туындыны тыңдау мен түсіну де оңай емес, ол үшін тыңдарман да мәдени-сауатты, парасатты болуы керек. Астананың, жалпы Қазақ­станның тұрғындары музыкаға деген құштарлығымен қуантады. Өзге елдерге қарағанда үлкен ынтамен қабылдап, сіңіре алады. Менің шетелдік серіктес­терім де елімізге келгенде, біздің халық­тың қабілеті тамаша екенін үнемі айтып отырады. Сол себепті, маған артылатын жауапкерші­лік өте үлкен. Әрине, концерт сайын толқи­сың, сахнада не болатынын алдын ала болжауға болмайды. Үнемі кеш алдындағы уайы­мымды залда мені күтіп отырған тыңдар­маным жайлы оймен басамын. Киелі өнерді құрметтеп, клас­сикалық музыка кешіне келетін жандарға деген алғысым зор, - дейді Жәния Әубәкірова. Өнер иесі дирижер Дориан Уилсон­мен серіктестігінің анау айтқандай ұзақ бол­мағанын, алайда аз уақыт ішінде жемісті шығармашылық одақ құрғанын айтады. - Ол Еуропада тұрады, бүкіл әлем музыканттарымен жұмыс істейді. Дүние жүзіндегі үздік опералық театрлардың сахнасында өнер көрсетеді. Мен біздің оркестр әртүрлі дирижерлiк мәнермен танысуы керек деген қағиданы ұста­намын. Музыканттарымыз бен студент­теріміз тек Қазақстанда ғана емес, жалпы төрткүл дүниеде не болып жатқанын көру үшін біз үнемі шетелдік әріптестерімізбен тәжірибе алмасуға тырысамыз, - дейді ол. Естеріңізге сала кетсек, Жәния Әубә­кірова П.Чайковский атындағы Мәс­кеудің мемлекеттік консервато­риясын және фортепиано сыныбының аспи­рантурасын профессор Л.Власенконың қолынан тәмамдады. 1983 жылы Маргарет Лонг және Жак Тибо халықаралық бай­қауында Бас жүлде және «Француздық композиторлардың заманауи шығар­маларын үздік орындағаны үшін» арнайы сыйлықты иеленді. Сондай-ақ 1985 жылы камералық ансамбльдердің халықаралық жарысында Бас жүлдені жеңіп алды.

Соңғы жаңалықтар