Жанкүйерлер аса ауыр салмақтағы қазақстандық атлетшілерден де жүлде күтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Грозный қаласында өтіп жатқан Ауыр атлетика бойынша Ресей Федерациясы Президентінің Кубогы үшін бесінші халықаралық турнирдің соңғы күні де тартысты әрі үлкен қызығушылықпен өтеді деп күтілуде.

 Жанкүйерлер аса ауыр салмақтағы қазақстандық атлетшілерден де жүлде күтеді

Өйткені аса ауыр салмақтағы спортшылар өнер көрсетпек.

Атап айтқанда, Астана уақыты бойынша сағат 18-00-де әйелдер 75 келіден жоғары салмақ бойынша күш сынасады. Бұл салмақта қазақстандық Александра Аборнева ел намысын қорғайтын болады.

Ал Астана уақыты бойынша сағат 20-00-де ерлер арасындағы 105 келіден жоғары салмақтағы зілтеміршілер өз күштерін паш етеді. Еліміздің ауыр атлетика федерациясының мәлімдеуінше, осы салмақта Қазақстанның үш спортшысы бақ сынайды, олар - Дмитрий Каплин, Ибрагим Берсанов және Селимхан Абубакаров.

Әлемнің теңдессіз атлеті Илья Ильиннің жеңісінен қуат алған қазақстандықтар бүгін күшін сынға салатын спортшыларымыздан да жүлде күтеді және оларға сәттілік тілейді.

Ресей Федерациясы Президентінің Кубогы үшін бесінші халықаралық турнирдің жабылу рәсімі бүгін Астана уақытымен сағат 22-00-де өтеді деп жоспарланған.