Жанкүйерлер «Дакар-2012» автобәйгесінің жүлдегері - «Астана» командасын әуежайдан қарсы алмақ
АСТАНА. 19 қаңтар. ҚазАқпарат - Ертең Алматының халықаралық әуежайында «Дакар-2012» автобәйгесінің қола жүлдегері - «Астана» командасын салтанатты жағдайда қарсы алу өтеді.
Бұл туралы «Самұрық-Қазына» қоры баспасөз қызметі хабарлады.
Естеріңізге сала кетейік, «Дакар-2012» биылғы 1 қаңтарда Буэнос-Айрестің оңтүстігіндегі 80 шақырым жерден бастау алған болатын. Автобәйгенің бағдары Аргентина, Чили және Атакама шөлінің аумағымен өтіп, 15 қаңтарда Перу астанасы Лимада тоқтады.
«Дакардың» барлық 14 кезеңінің қорытындысы бойынша жүк көліктері арасында «Астана» командасы «КАМАЗ» көлігімен үшінші орынды жеңіп алды. Ал бірінші және екінші орынды «Ивеко» көлігімен голандтық Жерар де Рой мен оның команда бойынша әріптесі Ханс Стейси ұтты.
Айта кетейік, «Самұрық-Қазына» қоры қазақстандық «Астана» командасына бас демеушілік етті.