Жанкүйерлерді қуанту үшін алтын алуға бар күш-жігерімді жұмсадым-Азиада чемпионы Е. Хрусталева

АЛМАТЫ. 4 ақпан. ҚазАқпарат - Биатлоннан қыздар арасындағы 15 шақырымдық жекелей сында 7-Қысқы Азия ойындарының чемпионы атанған қазақстандық спортшы Елена Хрусталева жарыстан кейін жанкүйерлерді қуанту үшін алтын медаль алуға бар күш-жігерін жұмсағанын айтты.
None
None

Айта кетейік, биатлоннан 31 қаңтар күні өткен 7,5 шақырымдықтық жарыста ешкімге дес бермейді деп болжаған Елена Хрусталева күміс жүлдені қанағат тұтқан болатын.

"7,5 шақырымдықтық спринттік жарыста алған күміс жүлдем, бүгін мені алтын алуға қамшылады. Бір қуанатыным, бірінші жарысқа қарағанда мен өзімді жақсы сезіндім. Стадионда ғана емес, одан да тысқары жерлерде менің тілеуімді тілеген жанкүйерлерімді қуантқым келді. Шынымды айтсам, бүгін бүкіл елді қуанышқа бөлегім келді. Екі атыс алаңында нысананы дәл көздей алмаған кезімде, өзіме-өзім қамшы басуға тырыстым. Нысананы түрегеп тұрып көздегеннен, шынтақтап жатып көздеген әлдеқайда жеңілірек. Сондықтан да үшінші атыс алаңында бәрі ойдағыдай болды. Ал соңғы атыс алаңына келген кезімде мүлт кетпеу үшін барымды салдым. Тұман қоюланғандықтан, нысананы әдеттегіден ұзағырақ көздеуге тура келді. Сол сәтте мен өз елім жайлы, жанкүйерлерім жайлы, олардың маған артқан сенімі мен қолдаулары жайлы ойладым. Сәтін салып, барлық нысанаға дөп тигіздім. Сосын мәреге қарай құстай ұштым", - дейді Е. Хрусталева.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, бүгін Алматы облысындағы Солдат шатқалындағы Шаңғы-биатлон стадионында өткен биатлонан қыздар арасындағы 15 шақырымдық жекелей сын жарысында Елена Хрусталева Қазақстан қоржынына 20-алтын жүлдені салған болатын. Бұл жарыста күміс медальді жапониялық Судзуки Фуюко, қола жүлдені қазақстандық Марина Лебедева жеңіп алды.

Соңғы жаңалықтар