Жанна Әубәкірова Дели жұртшылығын өнеріне тәнті етті

БЕЙЖІҢ - ДЕЛИ. ҚазАқпарат - 2 желтоқсан күні ҚР Тұңғыш Президентінің күніне орай Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының ректоры, танымал пианиношы Жанна Әубәкірова Индия астанасында фортепиано музыкасынан жеке концерт берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жанна Әубәкірова Дели жұртшылығын өнеріне тәнті етті



Кеш қонақтары Индия Сыртқы істер министрінің орынбасары Годавартхи Венката Сринивас, саясат және қоғам қайраткерлері, Дипломатиялық өкілдіктер басшылары, бизнес элита өкілдері, БАҚ және басқа да классикалық музыканы бағалаушылар болды.

Концерт көпшіліктің көңілінен шықты. Тыңдармандарды қазақстандық орындаушының Фредерик Шопен және Антонин Дворжак сынды ұлы композиторлардың туындыларын асқан шеберлікпен жеткізгені таңғалдырды.

Көпшілік бұл концерт Қазақстанның мәдени дамуының қандай деңгейде екендігін көрсетті деп баға берді.

Өз сөзінде Қазақстан елшісі Болат Сәрсенбаев биыл Қазақстан мен Индия арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толып отырғанын атап өтті.

«Осы аз ғана уақыттың ішінде Қазақстан мен  Индия халықтар достығына және екі ел үкіметтерінің өзара тиімді ықпалдастықты арттыруға  негізделген ерік-жігерімен стратегиялық қарым-қатынас құрып үлгереді», - деді ол.