Жансая Әбдімәлік жастар арасындағы шахмат чемпионатында «күміс» жеңіп алды
АСТАНА. 26 қыркүйек. ҚазАқпарат - Он үш жастағы қазақстандық шахматшы Жансая Әбдімәлік Түркияның Коджаэли қаласында өтіп жатқан жастар арасындағы әлемдік шахмат додасында екінші орын алды, деп хабарлады vesti.kz.
Әбдімәлік жарыстың шешуші 13-ші турының алдында ресейлік Александра Горячкинадан жарты ұпай қалып қойған. Нәтижесінде, Горячкина өзінің соңғы партиясын жеңсе, қазақстандық Индияның өкілі Рут Падминимен тең ойнаған.
Чемпион болған ресейлік барлығы 10 жарым ұпай жинаса, Әбдімәлік 9,5 ұпаймен тоқтады. Сондай-ақ, үшінші орын үшін тағы бір қазақстандық шахматшы Динара Сәдуақасова ойнаған болатын, оған медаль алуға 0,5 ұпай жетпеді. Қосымша көрсеткіштерді есептеу нәтижесінде Сәдуақасова 8,5 ұпаймен жетінші орынға жайғасты.
Әбдімәлік пен Сәдуақасовадан басқа турнирде тағы екі қазақстандық - Бибісара Асаубаева және Жанна Қарабаева ойнады.
Жансая Әбдімәлік бірнеше дүркін әлем чемпионы екендігін естеріңізге саламыз. 17 жасар Динара Сәдуақасова да өз қатарластары ішінде екі дүркін әлем чемпионы және Қазақстан әйелдері арасындағы ең жас халықаралық гроссмейстер болып табылады. Тоғыз жасар Бибісара Асаубаева - қыздар арасында төрт дүркін әлем чемпионы.