ЖАНСЕЙІТ КҮМБЕЗІ
Жансейіт күмбезі - төрт бұрышты зәулім күмбез. ХІІІ ғасырда Қыпшақ мемлекеттік бірлестігі кезеңінде тұрғызылған. Қазіргі Қарағанды облысының Ұлытау ауданындағы Қаракеңгір ауылының орталығына таяу жерде, Қаракеңгір өзенінің оң жақ жағалауында орналасқан.
Жансейіт күмбезінің іргесін құмайт қалың таспен қалап, үстіңгі жағын күйдірген кірпіштен өрген. Кіретін есігі сол кездегі дәстүр бойынша оңтүстік-батысқа қаратылған. Күмбездің маңдай алды қирап біткен. Жақсы сақталғаны - үш қабырғасы. Солтүстік пен оңтүстік қабырғасының ұзындығы 8,35 метр. Қалған қабырғалардың биіктігі 2,5 метрден 3,5 метрге дейін сақталған. Маңдай жақ қалауының қалыңдығы 3,5 метр, қалғаны 2,7 метр. Мазардың күмбезі құлап, ортасына түскен. Күмбезінің түрі қандай болғаны белгісіз. Оның іргесінде шашылып жатқан көк шыны бедерлер ғана бар.
Жансейіт күмбезінің теріскейінен он метр жерде ежелгі дәуірде кірпіш күйдірген екі пештің орны табылды. Оны қазып көргенде ішінен күйдірілген кірпіш, ғаныштың және бетін көк шынымен көмкерген жұқа кірпіштердің сынықтары табылған.
Дерек көзі:
Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 3 том.