Жансейіт Түймебаев қоғамдық қабылдау өткізді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы Жансейіт Түймебаев партия филиалының бас ғимаратында қоғамдық қабылдау өткізді.
Өңір тұрғындары қаузаған мәселелер алуан түрлі болды. Мәселен, ауылдық жердегі электр бағаналарының ескіргені, медициналық сақтандыру жүйесі, гендерлік саясат мәселелері айтылып, Нәзір Төреқұловтың 125 жылдығын атап өту, тұрғын үй кезегін жылжыту жөнінде көмек сұрап келді. Өңір басшысы қабылдауға келген әр адамның мәселесі бойынша тиісті орындарға тапсырмалар берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қоғамдық қабылдауға келген Сайрам ауданы Теспе елдімекенінің тұрғыны, зейнеткер Жамалбек Пернеев ауылдағы электр бағаналарының ескіргенін айтып шағымданды.
«Ауылымыздағы электр бағаналары әбден тозып, құлаудың алдында тұр. Бұл мәселені көтеріп, аудан басшылығына да шағым түсіргенбіз. Алайда, оң шешімі болмай тұр»,- деді зейнеткер.
Облыс әкімі аталған мәселенің 2018 жылы инвестициялық бағдарлама аясында шешілетінін айтты.
«Сайрам ауданы, Көлкент ауылдық округі, Теспе ауылында орнатылған 6,254 шақырым электр желісі мен трансформатор «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің теңгерімінде. 2016 жылы «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің инвестициялық бағдарламасы есебінен жарамсыз 12 дана ағаш бағанасы сымдарымен бірге ауыстырылды. Ал биыл қуаты 100 кВА болатын қосымша бір трансформатор орнату жоспарда бар. 2018 жылғы инвестициялық бағдарламаға сәйкес, тұрғындарды қамтамасыз етудегі 100 кВА трансформаторды 160 кВА трансформаторға, төменгі кернеулі 0,4 кВ-тық электр бағаналарымен қоса, электр желісін толығымен ауыстыру жоспарланған», - деді Жансейіт Қансейітұлы.
Ал Әйелдер кеңесінің төрайымы Баян Жандосова өңірдегі әйелдер қауымының және отбасы құндылықтарын сақтау төңірегіндегі қордаланған мәселелерге тоқталды.
Халықаралық қайырымдылық қорының президенті Әбдіжаппар Сапарбаев қоғам қайраткері Нәзір Төреқұловтың туғанына 125 жыл толуын оңтүстік жерінде атап өтуді ұсынды.
Қазақстандық денсаулық сақтау қызметкерлері салалық кәсіподағының ОҚО филиалының төрайымы Рита Аяниязова ауылдық жерлердегі медициналық сақтандыру жүйесінің орындалу барысын сөз етті.
Ал Сайрам балалар үйінің түлегі Луиза Салимжанқызы 2013 жылдан үй кезегіне тіркелгенін, алайда баспанаға қол жеткізе алмай отырғанын және күйеуінің жұмыссыз жүргенін айтып келді. Өз кезегінде әкім жыл соңына дейін пәтер берілетінін мәлімдеп, жұмыссыз жүрген отағасын жауапты тұлғаларға еңбекпен қамтамасыз етуді тапсырды. 