Жансейіт Түймебаев: «Safari Shardara» жобасы дәстүрге айналуы тиіс

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Түркістан облысының Шардара ауданында өткен халықаралық «Safari Shardara» шарасында спорттық сайыстар мен концерттік бағдарламалар қатар ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жансейіт Түймебаев: «Safari Shardara» жобасы дәстүрге айналуы тиіс

Фестивальде алғаш болып сөз алған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев айтулы шараның өңірде тұңғыш рет ұйымдастырылып жатқанын тілге тиек етіп, сайысқа қатысушылар мен қонақтарды құттықтады.

«Елбасымыз «Бай табиғатымыз бен мәдени әлеуетімізді пайдалану үшін сырттан келетін және ішкі туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлу қажет» деп атап өткендей, болашақта Қазақстанда туризм өңірлік қана емес, жаһандық сипат алуы керек. Бүгін басталған «Safari Shardara» фестивалі - көрші елдерге Қызылқұм мен Шардара су қоймасының жағалауы сынды жауһарларымызды танытатын шара болмақ. Сондай-ақ, біз осы іс-шара арқылы шағалалы Шардарада желкенді қайық спорты мен ат пен түйе жарыс, құсбегілік сынды ұлттық спорт түрлері мен өзге де ата кәсіптерімізді жаңғыртуды көздеп отырмыз. Мұның барлығы өңірдегі туризмді дамытып, бизнес аxуалды көтеруге бағытталған», - деді Жансейіт Түймебаев.

Сонымен қатар, облыс басшысы өңірде бұған дейін Түлкібас ауданында өткен «Қызғалдақ», Бәйдібек ауданында өткен «Қымызмұрындық», Жетісайдағы «Қауынфест» фестивальдарының маңыздылығына тоқталды.

«Ауқымды іс-шаралар арқылы ауданның болашағы үшін маңызды брендтерін елге әйгілі етуді мақсат тұттық. Биыл игі бастамаларды бастап бердік, енді іскер жігіттер, жергілікті кәсіпкерлер, ауданның атпал азаматтары осы ойларды жалғастырып әкетіп, ары қарай дәстүрлі шараға айналдыруы тиіс»,- деді Жансейіт Түймебаев.

Шара аясында облыс әкімі сайыста үздік шыққан бірқатар спортшыларды марапаттап, сый-сыяпат жасады. Фестиваль барысы «джип» көліктерінің жарысымен жалғасып, құмда композициялық ROCK RACING шоуы көрсетілді.

Дүбірлі жарыс түйелер сайысымен қыза түсті. Онда 15 түйеші бақ сынап, өзара мықтыны анықтады. Түркістан өңірінің туристік әлеуетін арттыруға арналған халықаралық шара концерттік бағдарламамен аяқталды.