Жануарларға жасалған қатігездікті жасыруға болмайды – Мағзұм Мырзағалиев

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев жануарларға қатыгездікті, табиғатқа варварлық көзқарасқа қарсы күреске атсалысқан азаматтарға алғысын білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жануарларға жасалған қатігездікті жасыруға болмайды – Мағзұм Мырзағалиев

«Бүгінгі таңда біз азаматтардан орасан зор қолдау алып отырмыз деп сеніммен айта аламын. Жануарларға қатыгездікті, табиғатқа варварлық көзқарасты, әр резонанстық жағдайды азаматтар тез арада хабарлап, жариялап отырады. Бұл – дұрыс. Мұндай фактілерді жасыруға болмайды. Жануарлар мен өсімдіктерге деген осындай көзқарас экологиялық білімнің, экологиялық мәдениеттің жеткіліксіз болуынан туындайды», - деді министр ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Мағзұм Мырзағалиев министрлік табиғатқа, қоршаған орта жағдайына бей-жай қарамайтын азаматтармен белсенді түрде жұмыс істеп келе жатқанын атап өтті.

«Бірлесіп іс-шаралар, сенбіліктер, қоқыстарды тазарту, ағаш отырғызу бойынша акциялар өткізудеміз. Әрине, өткен жылы пандемияға байланысты мұндай шараларды қысқартуға мәжбүр болдық. Биыл осындай акцияларды жиі өткізе аламыз деп үміттенемін», - деді ол.