Жанып жатқан көліктен адамдарды алып шыққан азаматтар мемлекеттік марапатқа ұсынылды

None
Фото: Созақ ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Жол үстінде жанып жатқан көліктен жолаушыларды құтқарған азаматтар мемлекеттік марапатқа ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға облыстық маңызы бар Екпінді-Созақ тасжолы бойында болған. Nissan, Toyota Camry және Volkswagen Grafter автокөліктері соқтығысып, толығымен өртеніп кетті. Сол оқиға ортасында болған Мұрат Есенқабылов пен Бақытжан Маратұлы жанып жатқан көлік ішінен 10-нан астам жолаушыны қауіпсіз аймаққа шығарып, құтқарған болатын.

Бүгін Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков бейбіт күннің батырларын арнайы қабылдап, Алғыс хатпен марапаттады.


«Сын сағатта жанұшыра отқа түсіп, өзгенің жанын арашалап, көзсіз ерлік көрсеттіңіздер. Осынау батылдықтарыңыз арқасында өзгелерге үміт сыйлап, халық тарапынан зор алғысқа ие болдыңыздар. Алдағы уақытта да елдік мәселеде аянып қалмай, көптің көңілінен шығатындарыңызға сенемін», - деген аудан басшысы қос азаматтың мемлекеттік марапатқа ұсынылғанын атап өтті.

Кездесуде ірі жол-көлік апатын бастан өткерген азаматтар оқиғаның мән-жайын айтып берді.

«Бұл өте ауыр жағдай болды. Көліктен түсіп, ең алдымен қасымдағы жүргізуші жігітке көмек бердім. Одан соң қарсы бағытта жанып жатқан көлік ішіндегі жолаушыларды біртіндеп қауіпсіз жерге шығара бастадым. Менің басты мақсатым - апаттан зардап шеккен азаматтарға көмектесу болды. Бұлай үлкен құрметке бөленемін деп ойламадым», - деді Мұрат Есенқабылов.


Ал, 20 жастағы Бақытжан Маратұлы жанып жатқан көлік ішінен сыртқа терезе арқылы шыққан. Есеңгіреп қалған жігіт алдымен балаларды көрген. Содан көлікте қысылып қалған 2 бүлдіршін қыз бен 1 ауылдас досын сыртқа алып шыққан. Кейін қызыл жалынның арасына кіріп, 3 адамды қауіпсіз жерге жеткізген.

Еске салсақ, 17 шілде күні Түркістан облысында жол апатынан 9 адам қаза тауып, 13 адам ауруханаға жеткізілді. Осы оқиға болған кезде республикада үш күнде жол апатынан 24 адам көз жұмған.


Соңғы жаңалықтар