ЖАП: Мұнайдан түскен ақшаның бір бөлігі Ұлттық қорға жетпестен, бюджет тапшылығын жабуға жұмсалған
АСТАНА. KAZINFORM — Жоғары аудиторлық палата мүшесі Юлия Энгель Ұлттық қорға түсім аударатын мұнай кәсіпорындарының тізімі тұрақсыз екенін сынады.
— Ұлттық қордың активтері 73,8 млрд АҚШ долларына ұлғайғандығы туралы деректер айтылды. Бұл ретте салық түсімдерінің жоспары 23%-ға орындалмағанын да айту керек. Мұнай секторындағы ұйымдардан қаражаттың жеткілікті мөлшерде түспеуі жүйелі сипат алып кетті. Мұндай ұйымдардың тізімі тұрақсыз екенін ЖАП талай айтты, — деді ол Мәжілісте.
Юлия Энгель Ұлттық қорға түспей қалған бұл қаражат тікелей бюджет жыртығын жамауға алынып жатыр деген күдік айтты.
— Біз үшін бұл Ұлттық қорға түсетін ықтимал түсімдер есебінен республикалық бюджет тапшылығының бір бөлігін жабуға бағытталған шешімдер екені айқын, — деді ЖАП мүшесі.
Айта кетейік, Мәжілісте Үкіметпен Жоғары аудиторлық палатаның 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері қаралып жатыр.