ЖАП-тың жатаханалардағы орын тапшылығына қатысты дерегі расталмады — Үкімет
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл 7 мыңға жуық орындық 18 жатақхананы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.
— Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2018-2025 жылдары аралығында 72 125 орындық 281 жатақхана салынды (реконструкцияланды) және пайдалануға берілді. Оның ішінде ЖОО студенттері үшін — 51 323 орындық 182 жатақхана, колледж студенттері үшін — 20 802 орындық 99 жатақхана. Жұмыс мемлекеттік және жеке қаржыландыру көздерін, мемлекеттік-жекешелік әріптестікті (МЖӘ) тарту арқылы, оның ішінде мемлекеттік тапсырысты орналастыру тетігін іске асыру арқылы жүргізіледі, — деді Үкімет басшысы жауабында.
Оның атап өтуінше, осы жұмыстардың нәтижесінде 2018 жылдан бері жатақханалардағы орын тапшылығы 83,6 пайызға қысқарды.
— 2026 жылдың басында орын тапшылығы 10,1 мың орынды (жоғары оқу орындарында 5 176 орын және колледждерде 4,9 мың орын) құрады. Бұл ретте Жоғары аудиторлық палатаның нұсқамасын пысықтау барысында 33 мың орын тапшылығы бойынша деректер расталған жоқ. 2026 жылға арналған жоспарда 18 жатақхананы (ЖОО студенттері үшін 5 366 орынға арналған 11 жатақхана және колледж студенттеріне арналған 1 491 орындық 7 жатақхана) пайдалануға беру көзделген, — деді Олжас Бектенов.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау студенттердің жатақханамен қамтамасыз ету мәселесін көтерген еді.