ЖАП: Үкіметтің тым оптимистік болжамдары болашақтың салық базасын сарқиды

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжілісте Үкіметпен Жоғары аудиторлық палатаның 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері қаралып жатыр.

ҚР Жоғары аудиторлық палатасы
Фото: Әділет Беремқұлов/ Kazinform

Жоғары аудиторлық палата мүшесі Юлия Энгель былтыр Үкімет салық түсімдерін болжауда «тым оптимист» болып кеткенін атап өтті. 

— Трансферттерді қоспағанда, 335,3 млрд теңгенің кірісі орындалған жоқ. Бұған салық түсімдері туралы тым оптимистік болжам да ықпал етті. Біз кірістерді болжау кезеңінде кірістерді болжау әдістемесінде жоқ параметрлер мен қосымша түсімдер қолданылғанын ескерткен болатынбыз. Шамадан тыс болжам болашақта салық базасының сарқылуына әкеледі, — деді ЖАП өкілі.

Оның сөзінше, былтыр шамамен 900 млрд теңгенің қосылған құн салығын қайтару операциясы тоқтатылған.

— Салықты бақылау сапасы мен оның тиімділігі нашарлаған. 2025 жылы салық есептеулеріне сот шағымдарының сомасы 2 еседен астам өскен. Соңғы 4 жылда шағымданған сомалардың жартысынан астамы салық төлеушілердің пайдасына шешілген, — деді Юлия Энгель.

Бұған дейін ҰЭМ күзге дейін Салық кодексін жетілдіретін нормаларды әзірлейтінін жазған едік.