«Жапар сұлтан. Құжаттары мен материалдары» атты құжаттар жинағы таныстырылды

Жапар сұлтан
Фото: Орталық мемлекеттік архив

АСТАНА. KAZINFORM – Оқырман назарына ұсынылған архив құжаттары мен материалдар жинағы қазақтың соңғы ханы Кенесарының ұлы Жапар сұлтанның тарихи тағдырына арналған.

Жинаққа Жапар сұлтанның өмірі мен орыс билігіне қарсы күресін сипаттайтын Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві, Ресей мемлекеттік әскери-тарихи архиві, Орынбор облыстық мемлкеттік архиві, Өзбекстан Республикасының Ұлттық архиві қорларында сақталған, осы уақытқа дейін ғылыми айналымға енгізілмеген тың құжаттар енгізілді. Сонымен қатар халық ауыз әдебиетінде, яғни М.Ж. Көпеевтің қолжазба қорында, Түркістан жинағында жарияланған Бекет батыр жырында жырланған Жапардың Бекет батырмен бірге Березов түрмесінен қашып шыққаны туралы да мәліметтер бар.

Құжаттар жинағының таныстырылымына ғалымдар, ғылыми кеңес мүшелері, архив, кітапхана қызметкерлері мен оқырмандар қатысты.

Жиынға арнайы шақырылған ҚР ҰҒА академигі Х.Әбжанов, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының ғылыми істер жөніндегі орынбасары, т.ғ.к. Ш. Тілеубаев, Кенесарының Жапардан тарайтын ұрпағы М.Абдраманов, Кенесарының Оспаннан тарайтын ұрпағы Қ.Арыстанов, Марал ишан қорының мүшесі және Ғылыми кеңес мүшелері, Ғ. Дәукеев атындағы АЭжБУ-нің профессоры, т.ғ.к. Б.Қабдушев пен Абай атындағы ҚҰПУ-нің профессоры С. Сейфулмаликовалар жинақтың бүгінгі күнге дейін зерттеушілер назарынан тыс қалып келген өзекті тақырыпқа арналып, маңызды құжаттарды қамтығандығы және оның болашақ ұрпаққа берер тағлымы туралы ойларымен бөлісті.

Жиын соңында Кенесарының Оспаннан тарайтын ұрпағы Құрманғазы Арыстанов ҚР ОМА қорына жеткен көне үш кітапты сыйға тартты.

Соңғы жаңалықтар