Жапырақ Епенова: Ана мен бала өмірін сақтау – біздің негізгі мақсатымыз
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін елордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Медицина қызметкерлері күніне орай денсаулық сақтау саласының қызметкерлерін марапаттады. Олардың арасында Маңғыстау облыстық «Ана мен бала» перинаталдық орталығының басшысы Жапырақ Епенова да бар. Дәрігерге «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағы берілді.
37 жылға жуық уақытын ана мен бала денсаулығын қорғау ісіне арнаған дәрігер бұл марапатты сала мамандарына көрсетілген зор құрмет деп бағалайтынын жеткізді.
– Президенттің қолынан марапат алу – әр дәрігер үшін үлкен мәртебе. Әрине, қобалжу болды. Оның үстіне Мемлекет басшысына алғысымды жеткіздім. Бұл марапатты ұзақ жылдар бойы бірге еңбек етіп келе жатқан әріптестерімнің, жалпы ана мен бала денсаулығын қорғау жолында еңбек етіп жүрген медицина қызметкерлерінің жұмысына берілген баға ретінде қабылдаймын, - дейді Жапырақ Кеңесханқызы.
Маманның айтуынша, бүгінде перинаталдық орталықтар заманауи медициналық жабдықтармен толық қамтамасыз етіліп келеді. Жыл сайын медициналық техника жаңартылып, жаңа технологиялар енгізіліп жатыр.
– Бүгінде перинаталдық орталықтардағы медициналық жабдықтар жыл сайын жаңартылып отырады. Бұрын қолжетімсіз болған көптеген технология қазір күнделікті тәжірибемізде қолданып жүрміз. Сонымен қатар мамандардың кәсіби дамуына да жағдай жасалған. Дәрігерлер еліміздің түрлі өңірлерінде ғана емес, шетелдік клиникаларда да білімін жетілдіріп, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алып отыр. Мұның бәрі көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға ықпал етеді, – дейді ол.
Соңғы жылдары медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шаралары да күшейген. Бұл, оның айтуынша, кадр тапшылығын азайтуға және жас мамандарды салада ұстап қалуға мүмкіндік беріп отыр.
– Биыл біздің перинаталдық орталықтың төрт дәрігеріне үстемақы төленді. Оның екеуі – өңірге шақырылған мамандар, ал екеуі – оқу орнын жаңадан бітіріп келген жас дәрігерлер. Сонымен қатар жақында біздің орталықтың балансына екі пәтер берілді. Мұндай қолдау мамандардың жұмысқа деген ынтасын арттырып қана қоймай, өңірге қажетті кадрларды тартуға және оларды тұрақтандыруға үлкен септігін тигізеді, - дейді орталық басшысы.
Жапырақ Епенованың айтуынша, акушерлік қызметтің негізгі мақсаты – ана мен бала өлімінің алдын алу. Сондықтан саланың барлық жұмысы осы маңызды көрсеткіштерді төмендетуге бағытталған.
Сондай-ақ ол жүкті әйелдердің денсаулығын сақтау мәселесінде ерте медициналық бақылаудың маңызын ерекше атап өтті.
– Әйелдер жүктіліктің ерте кезеңінде есепке тұрғаны өте маңызды. Бұл түрлі асқынулардың алдын алуға, ықтимал ауруларды уақытылы анықтауға және қажетті ем-шараларды дер кезінде бастауға мүмкіндік береді. Скринингтік тексерулерден уақытылы өту де ана мен баланың денсаулығын қорғауда маңызды рөл атқарады. Сондықтан болашақ аналарды дәрігерлердің бақылауына ертерек жүгінуге шақырамын, - дейді дәрігер.
Оның сөзінше, алдағы уақытта да перинаталдық қызметтің негізгі бағыты өзгермейді. Басымдық ана мен бала денсаулығын сақтау, ана өлімін болдырмау және медициналық көмектің сапасын одан әрі жетілдіруге беріледі.
Айта кетейік, бүгін Президент бір топ медицина қызметкеріне мемлекеттік наградалар тапсырған еді.