Жапон мамандары туристік агент қызметін атқаратын роботты таныстырды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жапон мамандары Берлиндегі көрмеде туристік агент қызметін атқаратын роботты таныстырды. Оған Чихира Канаэ деген ат қойылған, деп жазады khabar.kz.
Ол ондаған тіл біледі және рейсті тіркеуге, қонақ үйдегі нөмірді брондауға көмектеседі. Сондай-ақ іші пысқан саяхатшылардың көңілін көтеруге де қабілетті.
Жаңа робот көптеген сұрақтардың жауабын жақсы біледі. «Роботтар нөмірлерге қызмет көрсетеді, жүкті тасымалдайды. Біз мұны бұрыннан көріп жүрміз. Бірақ менің ойымша, роботтардың келесі буыны бұдан да күрделі әрекеттерді атқаратын болады», - дейді Travelzoo интернет-компаниясы еуропалық бөлімінің президенті Ричард Сингер.