Жапон Премьері кедейлерден әзірге үйленбеуді өтінді
АСТАНА. Тамыздың 26-сы. ҚазАқпарат - Кейбір әрекеттері үшін жиі сынға ұшырайтын Жапония Премьер-Министрі Таро Асо ұлттық проблемаларды шешудің тағы бір ерекше жолын ұсынды.
Бұл жолы премьер тұрмысы төмен азаматтарға некеге тұрмауға кеңес беріп, жұртшылықтың ашу-ызасын туғызды, деп хабарлайды жапондық Kyodo агенттігі.
«Егер ақшаларыңыз болмаса, үйленбегендеріңіз дұрыс. Көк тиыны жоқ адамның жұрттың, әсіресе серігінің құрметіне ие бола қояды дегенге сенуім қиын», - деді Премьер-Министр жастарға берген кеңесінде. Ақшаның жоқтығы жастардың некеге тұруына және кеш некеге тұрудың кең таралуына әсер етеді ме, деген журналистің сауалына премьер осындай жауап берген.
Т.Асо осы сөзі үшін оппозиция тарапынан өткір сынға ұшырап отыр. Айта кету керек, осындай әңгімелерімен премьер оппозицияның сынауына жиі мүмкіндік береді.