Жапон теңізінде Ресей, Украина азаматтары бар жүк кемесі батып кетті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жапон теңізінде түнде дауыл тұрып, Poline теплоходы суға батып кетті. Ресейдің Құтқару-үйлестіру мемлекеттік орталығының жедел кезекшілік бөлімі экипажда он адам болғанын, оның 9-ы құтқарылып, біреуі із-түзсіз жоғалып кеткенін айтты, деп жазады ИТАР-ТАСС.
Жоғалған теңізшіні іздеуге Сахалин теңіз-кеме шаруашылығының «Алдан» теплоходы, Жапонияның патрульдік кемесі мен Оңтүстік Кореяның «Golden shake» кеме экипаждары жұмылдырылды.
Кемеде болған 9 адам Ресей Федерациясының, біреуі Украинаның азаматы.
Жүк кемесі Пластун портынан Қытайға бет алған.
«Poline» кемесі 1981 жылы Финляндияда жасалған. Кеме ұзындығы 83 метр, оған 3085 тонна жүк тиеуге болады.