Жапондық АЭС-тен радиоактивті судың теңізге ағуы анықталды
АСТАНА. 2 сәуір. ҚазАқпарат - Жапондық апатты «Фукусима-1» АЭС-і екінші энергоблогының цементтелген іргетасы жарылып, одан радиоактивті судың теңізге ағуы анықталды, деп хабарлады «Лента.ру» агенттігі.
Бұл туралы Reuters агенттігі мәлім еткен. Радиоактивті судың ағуын Kyodo агенттігінің ресми тұлғалары да қуаттады.
«Фукусима-1» АЭС-індегі апаттар онымен аттас префектурада 2011 жылғы 11 наурыздағы зілзала мен цунамиден кейін болды. Табиғат апаты салдарынан АЭС-те реакторларды салқындататын құрылғыда электр жүйесі істен шықты. Бұдан кейін онда бірнеше жарылыс орын алды, әсіресе екінші реактор зардап шекті.
Одан кейін АЭС-те радиация тарала бастады. АЭС маңындағы теңіз суында радиоактивті йод мөлшері нормадағыдан 4385 есе артық болды. 2 реактордың іргетасындағы жарықтың пайда болуы салдарынан реакторды салқындатуға пайдаланылған судың теңізге ағуы анықталды.
АЭС-тегі апат салдарын жоюдың сәті әлі түспей тұр. Жапон өкімет орындары «Фукусима-1» қалпына келтірілмейді және жабылады деп мәлімдеді.
Жапон атом электр стансысындағы апаттың нәтижесінде радиация таралуына байланысты әлемнің көптеген елдері жапондық азық-түлік пен балық өнімдері жеткізіліміне тыйым салды. Солардың ішінде Ресей де бар.