Жапондық археолог: Қарағанды аймағы Ұлы теміржолды түсінуде өте маңызды
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Көне шығыс азиялық темір мәдениетін зерттеу орталығының директоры, Эхимэ университетінің (Мацуяма қаласы) профессоры Ясуюки Мураками Қарағанды облысындағы халықаралық археологтар симпозиумына қатысуда. Форумда жапондық ғалым Қазақстан, Ресей және Алтайдағы темір балқыту туралы өзінің зерттеулерінің нәтижелерімен бөлісті. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігінің ресми сайтында хабарланды.
«Қарағанды облысына жасалған экспедицияларда тәжірибем бар. Менде Алат елді мекеніндегі қазбаларға қатысу мүмкіндігі пайда болды. Ол ежелгі металлургия бойынша тамаша экспедиция болды. Қарағанды аймағы темір өндірісі технологиясының тарихын түсінуде, Ұлы теміржолын ұғынуда өте жоғары маңызға ие деп айтар едім», - дейді Ясуюки Мураками.
Жапондық ғалым қазақстандық әріптестерімен серіктестікті жалғастыруды көздеп отыр.
«Бұл симпозиумға қатысу мен үшін өте маңызды. Себебі мен қазақстандықтарға, Қарағанды облысының тұрғындарына белгілі бір негіздемелер жасағым келеді. Алат шатқалы темір балқыту жүргізілген ежелгі жерлердің бірі болып табылады. Және де бұл жерде толықтай бір кезеңді зерттеуге болады, бай материал жинауға болады. Қазақстан және оның ішінде Қарағанды облысы - ол Батыстан Шығысқа дейін әлемдегі темір мен балқыту ісінің етек тарата бастауын зерттеу бойынша негізгі нүктелердің бірі болып табылады. «Темір» жолы Жібек жолы тарихының дамыуына қарағанда анағұрлым ертерек басталған. Және де бұл тарихты түсінуге арналған маңызды сәт», - деп атап өтті Ясуюки Мураками.
Айта кетсек, 2009 жылдан бері Қарқаралы ауданында қола дәуіріндегі Алат елді мекенінде зерттеулер жүйелі түрде өтіп тұрады. Кент тауларында археологтар металды балқыту техникасы жоғары болғанын дәлелдейтін үйлер, металл балқытатын пештер және басқа да көне заттар тапқан.
2016 жылы Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ археологтары жапондық зерттеушілермен бірлесе отырып, темір балқытуға арналған пешті тапқан. 2017 жылы ғалымдар темір балқыту пешінің моделін қайта қалыпқа келтіру бойынша археологиялық сынақ өткізген.
Бұл зерттеулер металлургиялық технологиялардың туындауы тарихында жаңа беттерді ашты және «темір» жолының таралуы картасын қайта қарауға мүмкіндік берді.
3-4 қыркүйек күні Қарағанды мен Сәтбаев қалаларында «Қ.И.Сәтбаев - Тұлға. Патриот. Ғалым» атты халықаралық симпозиум өтетінін хабарлаған болатынбыз.
Шараның мақсаты - Қ.И. Сәтбаевтың ғылыми идеялары мен мұраларын жан-жақты танымал ету, сондай-ақ Еуразия аумағында тау-кен өнеркәсібі және ежелгі металлургия мәселелерін талқылау.
Симпозиумға Қазақстан, Ресей, Украина және Жапонияның жетекші ғалымдары, қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысуда.