Жапондық оқушы сыныптасының басын кесіп тастады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жапондық Сасебо қаласында 15 жастағы оқушы сыныптасын айуандықпен өлтірді. Кінәсін мойындаған қыз бұл әрекетіне еш өкінбегенін білдірді, деп хабарлады Japan Times.
Қайғылы оқиға 27 шілдеде түнгі уақытта болған. Қылмыскердің сыныптасы Айва Мацуо ата-анасына құрбысында қонатынын айтқан. Таңертең үйіне оралмаған қыз, телефонға да жауап бермеген. Ата-анасы бұл жайлы полицияға хабарлаған. Қыздың үйіне барған тәртіп сақшылары оның кереуетінде бассыз қалған Айва Мацуоның өлі денесін көрген.
Полицейлердің сөзіне қарағанда, оқушы сыныптасына ауыр затпен соққы жасап, қылқындырып, кейін басын кесіп тастаған. Жапондық қыз сыныптасының қолын да кесіп тастаған екен. Кейін ол өз кінәсын мойындады. Оны бұл зұлымдыққа не итермелегені белгісіз. Тәртіп сақшылары қылмыскер ата-анасынан бөлек тұрғанын анықтаған.
Достарының сөзіне қарағанда қылмыскер ақылды, бірақ тез ашуланатын қыз болған. Оны қандай жаза күтіп тұрғаны әзірге белгісіз.