Жапондықтар ғарышқа жаңа үлгідегі зымыран ұшырды
АСТАНА. 15 қыркүйек. ҚазАқпарат - Сенбі күні Жапония ғарышқа жаңа үлгідегі Epsilon ғарыш зымыранын ұшырды.
Жобалы уақыттан соң зымыран ғарышқа SPRINT-А жерсерігін жеткізгені хабарланды. 48 миллион доллар тұратын бұл спутник жер атмосферасы жұтатын ультракүлгін сәулелер туралы деректер жинауға және Күн жүйесіндегі Шолпан, Марс пен Юпитер планеталарын зерттеуге арналған.
Epsilon ғарышқа осыдан екі апта бұрын ұшырылуы тиіс еді. Бірақ ұшуға 19 секунд қалғанда компьютердегі ақау салдарынан тоқтатылған.
Жалпы құны 200 миллион долларға түскен жаңа зымыран жобасы уақытты, адам ресурстарын және құрал-жабдықтарды үнемдеу сияқты үш басты принципке негізделіп жасалған. Жоба авторлары оған ғарышқа спутник жіберудің тиімді әдісі болады деп үміт артады.
Осы кезге дейін ғарышқа спутник шығару үшін қолданылып келген H2A зымыраны бұдан анағұрлым қымбатқа түсетін. Одан құны арзан Epsilon зымыранының тағы бір артықшылығы - оны ұшыру процесін бір ноутбуктен бақылауға болатындай етіп жеңілдетілген.
Бұған дейін өткен айда Жапония халықаралық ғарыш стансасына Киробо атты алғашқы робот-астронавты жеткізген еді, деп хабарлайды «Азаттық».