Жапония 20-дан астам телевизиялық өнімін Қазақстанға тегін ұсынады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жапония 20-дан астам телевизиялық өнімін Қазақстанға тегін ұсынады. Бұл туралы бүгін елордада өткен баспасөз мәслихаты барысында «Japan Foundation» президенті Хироясу Андо айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Орталық Азия елдерімен мәдени өзара іс-қимыл жөніндегі жапондық миссия басшысының айтуынша, олар  Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Тәжікстан елдерінде болып, соңында Қазақстанға келген. Елордамыздағы сапарлары барысында  Бейбітшілік пен келісім сарайына, Әзірет Сұлтан мешітіне барып, Қазақстанның тарихи және мәдени мұраларымен кеңінен танысқан.

 «Ертеңнен бастап Қазақстанның Үкімет мүшелерімен кездесуді жоспарлап отырмыз. Атап айтқанда, Қазақстанның Мәдениет және спорт министрімен, Сыртқы істер министрінің орынбасарымен жүздесуіміз жоспарланған. Келіссөздер барысында мәдениет саласындағы екі елдің ынтымақтастығын дамытуға болатын бағыттарды айқындаймыз деп ойлаймын.  Дегенмен, Астанаға келгеннен кейін өзіміздің кеңесімізді өткізіп, қазақ-жапон арасындағы диалогты одан ары дамытуға мүмкіндік беретін екі бағытты айқындап алдық», - деді ол.

Оның айтуынша,  ең біріншіден, екі елдің арасындағы гуманитарлық алыс-беріске тың серпін беретін қазақстандық сарапшылармен жұмысты жандандыруға баса назар аударылатын болады. Екінші бағытта Қазақстан мен Жапония арасындағы мәдени байланыстарды күшейтуге мән беріледі. Мұнан бөлек, жапонтанушыларды, жапон тілін үйретушілерді дайындауға көңіл бөлінбек.

«Сонымен қатар телевизиялық контентті ұсыну бағытындағы ынтымақтастықты да жолға қоюға болады деп есептейміз. Жалпы, бұл екіжақты ынтымақтастықты дамыту барысында баса мән беретін бағыттарымыздың бірі. Біз 20-дан астам телевизиялық жобаны қазақстандық тарапқа ұсынуды жоспарлаудамыз.  Оның ішінде телевизиялық сериалдар мен деректі фильмдер бар. Бұл контенттерді көрсету құқығын Жапонияның Орталық Азия елдерімен мәдени өзара іс-қимыл жөніндегі қоры сатып алған. Сондықтан бұл ұсыныстарымызға қазақстандық тарап қызығушылық танытатын болса, онда оларды Қазақстандағы Жапония Елшілігі арқылы тегін береміз. Субтитрі орыс тілінде болады.  Оны жасау жұмыстарын да өз мойнымызға аламыз», - деді ол.

Миссия басшысының  айтуынша, жапон тарапы да қазақстандық телеарналардың өнімдерін алуға қызығушылық  танытады.

«Бұл мәселені қазіргі уақытта тыңғылықты қарастырып жатырмыз. Ертең «Қазақстан» телеарнасының басшысы Ерлан Қаринмен кездесу барысында талқылайтын боламыз», - деді Андо. 

Соңғы жаңалықтар