Жапония АЭС-індегі жағдайға байланысты Қазақстанда қоршаған ортаның табиғи гамма-фонына мониторинг жүргізілуде

АСТАНА. 18 наурыз.ҚазАқпарат - Республиканың санитариялық-эпидемиологиялық қызметі қоршаған орта нысандарының радиациялық қауіпсіздігінің жоспарлы мониторингін жүргізуде.

Жапония АЭС-індегі  жағдайға байланысты Қазақстанда   қоршаған ортаның  табиғи   гамма-фонына  мониторинг  жүргізілуде

Мониторингті барлық облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталықтары, олардың аудандық филиалдары жүзеге асырады. Мониторинг барысында табиғи гамма фонды күнделікті өлшеу, атмосфералық ауадан және жауатын жауын-шашыннан ай сайын сынама алу және сынамаларды радиоактивтілікке зерттеу, тамақ өнімдерін радиоактивтілікке зерттеу шаралары жүргізіледі.

Жалпы республика бойынша 2010 жыл ішінде жауын-шашынның 280 сынамасы, атмосфералық ауаның 140 сынамасы радиоактивтілікке зерттелді, радиациялық ластану тіркелген жоқ.

Қазақстан Республикасы аумағында ағымдағы жылдың 1-16 наурызы аралығындағы радиациялық жағдай қалыпты күйде, табиғи гамма фонның жоғарылауы, сондай-ақ атмосфералық ауаның және жауын-шашынның сынамаларында радиоактивтік ластану тіркелген жоқ.

Жапониядағы атомдық электр стансасында болған жағдайға байланысты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті аумақтық СЭС департаменттеріне қоршаған ортаның табиғи гамма-фоны жағдайының мониторингін күшейту туралы тапсырма берді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2011 жылғы 16 наурыздағы деректері бойынша Жапонияның АЭС-нан радиацияның басқа елдердің аумағына жаһандық таралуы анықталмаған.

Елдегі радиациялық жағдайға қатысты барлық мәселелер бойынша Комитетке мына телефонға: 8(7172) 74-32-76 (сайт: www.mz.gov.kz ), Комитеттің «Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» РМҚК-не тел: 8(7272) 77-60-03 немесе облыстардың, Астана, Алматы қалаларының мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау органдарының аумақтық органдарына хабарласуға болады.