Жапония әртүрлі аймақтардан мұнай импорттауға дайындалмақ
АСТАНА. KAZINFORM — Жапония үкіметі елдің мұнай өңдеу зауыттарын Таяу Шығыстан басқа аймақтардан да шикізат қабылдай алатындай етіп жаңғыртуға шұғыл қолдау көрсетпек, деп хабарлайды Kazinform ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
Kyodo агенттігінің мәліметі бойынша, осы мақсатта шамамен 95 миллион доллар (шамамен 41,9 миллиард теңге) жоспарланған. Қаржыландыру көлемі кейінірек ұлғаюы мүмкін.
Қазіргі уақытта Жапонияда 19 мұнай өңдеу зауыты бар. Олардың көпшілігі негізінен Таяу Шығыс мұнайын өңдеуге арналған. Бұл елдерден келетін мұнай Жапония импортының шамамен 90%-ын құрайтын.
Басқа аймақтардан мұнай алу үшін жабдықтарды жаңғырту қажет, себебі шикі мұнайдың құрамындағы күкірт мөлшері әртүрлі болады.
Ормуз бұғазы жабылғаннан кейін жапон энергетикалық компаниялары басқа аймақтардан, соның ішінде Солтүстік Америка мен Оңтүстік Суданнан мұнай тасымалдауға назар аудара бастады. Соның нәтижесінде Жапонияның мұнай импортындағы Таяу Шығыстың үлесі шамамен 62%-ға дейін төмендеді.
Еске сала кетейік, осы аптада Сауд Арабиясы «Шығыс — Батыс» мұнай құбырының жұмысын қайта бастады.