Жапония атом энергетикасының үлесін азайтпақ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жапония атом энергетикасының үлесін азайтып, жаңартылған энергия көздерін пайдалануды екі есе арттырмақ. Ел Үкіметі енді жасыл экономика саясатын ұстанып қана қоймай, арзан қуат көзін табуды көздеп отыр, деп хабарлады www.24.kz.
Егер жоспар жүзеге асса, 15 жылдан кейін Күншығыс елі қажетті қуаттың төрттен бір бөлігін тиімді энергия көздерінен алатын болады. Ал ол үшін ел билігі алдында екінің бірін таңдау жолы тұр. Не инвесторлардың сенімінен айырылу керек немесе қарапайым халықтың қалтасын қағуға тура келеді. Жапония - әлемдегі ең ірі электр қуатын тұтынушы 10 елдің бірі. Дегенмен мемлекет елге қажетті энергияның 80 пайызын шетелден әкелетін жанар-жағармайдан өндіріп жүр. Яғни шикізатқа деген тәуелділік Жапония үкіметін электр қуатын тұтынудың тиімді жолдарын іздеуге мәжбүрлейді. Ұзақ мерзімді жоспарға сәйкес, 2030 жылға дейін елдің 50 пайызы бүгінгідей табиғи қазба байлықтары арқылы электрмен қамтылуы тиіс. Ал энергияны атом саласында өндіру үлесі 30-дан 20 пайызға азаяды. Бұл ретте күн, жел, су сынды экологиялық таза қуат көздерінің көлемін арттыру міндеті тұр.
Күн және жел энергетикасы қымбат әрі тұрақсыз келеді. Дегенмен электр жүйелерін ұлғайтып, үлкен қалалардан шалғай аймақтарға дейін мүмкіндігінше тиімді энергия тарту керек. Біздің жоспарымызды саралап, қисынсыз тұстары көп, оны жүзеге асыру қиын болады дейтіндер де бар. Бірақ біз түбегейлі осындай шешім қабылдадық», - деді Жапония үкіметінің кеңесшісі Масакадзу Тойота.
Жапония - күн энергетикасын заң шығарушы орган деңгейінде елеп-екшеп барып қолға алған бірден-бір мемлекет. Алайда тиімді электр қуатын пайдалану жоспары араға 20 жыл салып қана нақты нәтиже бере бастапты. Айта кетейік, Фукусимадағы жарылыстан кейін үкіметтің атом саласындағы кейбір жобалары тоқтап қалған болатын. Дегенмен Жапония бір жылдың ішінде-ақ алапат жарылыс зардаптарын жойып, кем-кетіктің орнын толтырды. Алдымен күннен қуат алатын электр тарифтерін қымбаттатып, тиімді жоспар түзіп шықты.
Алайда қазір алға қойған жоспарға жету үшін инвесторлар қолдауы ауадай қажет. Бүгінде инвестициялық қор жұмысына қаржылық қиындықтар кедергі келтіріп отыр. Өйткені күн электр стансаларында өндіретін энергияны сатып алушылар қатары азая бастапты. Бұған тариф құнының өсуі түрткі болды дейді мамандар. Егер электр бағасы арзандап, жағдай бір қалыпқа түспесе қарапайым тұтынушының қалтасын қағып, елдің наразылығын тудыруы мүмкін. Ондай күн туа қалса үкіметтің бағасы арзан қандай балама табарын әзірге ешкім тап басып айта алмайды.