Жапония Азия ойындарының естелік күміс монеталарын шығара бастады

АСТАНА. KAZINFORM – Жапонияның монета сарайы биыл жыл соңында Нагояда өтетін Азия ойындары мен Азия параойындарына арналған естелік күміс монеталарды шығара бастады. Монеталарға спортшылар мен ойындардың тұмарлары бейнеленген, деп хабарлайды Кyodonews.

Жапония Азия ойындарына арналған естелік күміс монеталар шығара бастады
Фото: Кyodonews

Таза күмістен жасалған монеталардың екі түрінің бір жағында Палома Мидзухо стадионында жарысқа қатысып жатқан спортшылардың бейнесі қашалған. Ал екінші жағында тиісінше Азия ойындары мен Азия параойындарының тұмарлары саналатын Хонохон мен Удзумин бейнеленген.

– Таңдалған түстері керемет. Бұл ойындар туралы естелікті болашақ ұрпаққа жеткізетін мұраның бір бөлігіне айналады, – деді дүйсенбі күні өткен рәсімде Айти префектурасының губернаторы әрі ойындарды ұйымдастыру комитетінің төрағасы Хидэаки Омура.

Диаметрі 40 миллиметр, салмағы 31,1 грамм болатын монеталардың әрқайсысы 34 800 иенге (220 АҚШ доллары) сатылып жатыр. Бір адамға бір монетадан ғана сатып алуға рұқсат етіледі.

Жапонияның монета сарайы мәліметінше, сатып алуға өтінімдер 23 маусымға дейін пошта арқылы немесе онлайн қабылданады.

Азия ойындары Нагояда 19 қыркүйекте басталады, ал Азия параойындарының ашылуы 18 қазанда өтеді.

Айта кетейік, қазақстандық ескекшілер Азия чемпионатында жалпыкомандалық есепте көш бастады.

Сондай-ақ елімізде алғаш рет эстетикалық топтық гимнастикадан Азия чемпионаты өтетінін жаздық.