Жапония бизнес федерациясы Қазақстанға өз өкілдігін жібереді
БЕЙЖІҢ-ТОКИО. ҚазАқпарат - 12 сәуір күні Қазақстанның Жапониядағы Елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев «Кейданрен» жапондық бизнес федерациясының президенті Садаюки Сакакибарамен келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА Қытайдағы меншікті тілшісі.
Кездесу барысында Елші құрамына 1400-ден астам жетекші компаниялар, өнеркәсіптік бірлестіктер және аймақтық экономикалық қауымдастықтар кіретін Жапониядағы ірі іскерлік федерация басшылығын елдегі іскерлік және инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша ҚР Үкіметінің негізгі жұмыстарымен және екі ел кәсіпкерлерінің тығыз кооперациясына арналған мүмкіндіктермен таныстырды. Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуге Қазақстан Елшісі ерекше назар аударды.
Өз кезегінде «Торай Индастри» және «Хитачи» сынды танымал жапондық компаниялардың басшылық құрамындағы Сакакибара ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2016 жылдың қараша айында Жапонияға барған ресми сапар нәтижелерінің, әсіресе «Кейданрен» құрамына енетін Жапония іскерлік әлемінің көшбасшыларымен жүргізген келіссөздердің маңыздылығын баса айтты. Бұл кездесу екі елдің сауда-экономикалық және инвестиция-технологиялық серіктестігіне арналған жаңа перспективалық бағыттарды анықтауға мүмкіндік бергені аталып өтті.
Сонымен бірге, жапондық бизнес федерациясының басшысы қазақстандық тараптың халықаралық мамандандырылған көрмеге дайындық жұмыстарына, Қазақстанның «ЭКСПО-2017» инфрақұрылымын ары қарай тиімді пайдалану жоспарларына жоғары баға берді.