Жапония елшілігі Алматыдағы паллиативтік көмек көрсету орталығына 119 функционалдық кереует сыйлады

АЛМАТЫ. ҚаАқпарат - Алматы қалалық паллиативтік көмек көрсету орталығына 119 жаңа фунционалдық кереуеттер берілді.

Жапония елшілігі Алматыдағы паллиативтік көмек көрсету орталығына 119 функционалдық кереует сыйлады

Бұл туралы бүгін журналистермен болған кездесуде осы мекеменің бас дәрігері Сұлу Садықова мәлім етті.

Оның айтуынша, бұған дейін орталықтағы кереуеттердің 30 пайызы ғана функционалдық, ал қалғандары кәдімгі жәй кереуеттер болған екен.

«Біз өткен 2013 жылдың соңында Жапония Үкіметінің «Шөп тамыры» деп аталатын бағдарламасының байқауына қатысуға өтінім бердік. Үш мекеме жеңіп шықты. Біреуі - біздің паллиативтік көмек көрсету орталығы. Бүгін міне Жапонияның Қазақстандағы елшісі бізге үлкен сыйлықпен келіп отыр. 119 фунционалды кереует орталыққа тегін берілді. Қазір біз оларға науқастарымызды жатқызып та қойдық. Кереуеттер өте ыңғайлы. Негізі біздегі науқастардың 70 пайыздан астамы қатерлі ісіктің ең соңғы 4 кезеңіне шалдыққандар. Қалғандары басқа да аурулардың салдарынан төсек тартып жатып қалғандар. Сондықтан біз науқастарға осы жерде күтім көрсетіп, жағдайларын жеңілдетуге барынша күш саламыз. Оларға басқалай хирургиялық немесе химиялық емдер қолданылмайды. Сол үшін де науқастардың жатып-тұруларына және оларға ем-дом жасауға ыңғайлы фунционалдық кереуеттер өте қажет болды. Оны биіктетуге, төмендетуге немесе бұруға болады. Науқастар үшін де, дәрігерлер үшін де барлық қажетті тетіктермен қамтамасыз етілген» - дейді Алматы қалалық паллиативтік орталығының бас дәрігері Сұлу Садықова

Жапонияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Масаёси Камохараны орталық ұжымы зор қуанышпен қарсы алды.

Елші өз сөзінде «Шөп тамыры» бағдарламасының тарихына баса тоқталды.

«Жапония Үкіметінің «Шөп тамыры» деп аталатын әлеуметтік бағдарламасы адам өмірін жақсартуға бағытталған. Бұл жерде біз үкіметтік емес ұйымдарға да қолдау көрсетеміз. Бағдарлама 1997 жылы қолға алынған. Содан бері Қазақстанда аталмыш бағдарламаның 70 жобасы жүзеге асырылды. Олардың басым бөлігі білім беру және денсаулық сақтау саласына бағытталды. Ал мына жоба науқастардың жағдайын, емделуін барынша жақсартуға арналған. Онымен қатар бұл жобаның тағы бір мақсаты - орталық қызметкерлерінің еңбек жағдайын жеңілдету және олардың науқастарға қауіпсіз күтім жасауын қамтамасыз ету. Біздің бағдарламаның бюджеті - 100 мың доллар. Осы бюджет шеңберінде байқау өткізіледі. Онда жеңіп шыққан мекемелерге, ұйымдарға осы бюджеттің шеңберінде ғана көмек көрсетіледі. Яғни, грант беріледі. Енді осы функционалды кереуеттердің арқасында орталықта көп мәселе шешіледі деген үміттемін»- деді өз сөзінде Масаёси Камохара.

Айта кетейік, бір функционалы кереуеттің бағасы 125 мың теңге тұрады.

Кездесу соңында елші орталық басшылығымен және Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының өкілдерімен бірге палаталарды аралап, науқастардың жағдайын сұрады. Сырқаттар жаңа кереуеттің артықшылықтарына айтып, оған алғыстарын білдірді.