Жапония гранттар арқылы еліміздегі қоғамдық ұйымдардың қайырымдылық жобаларына қолдау жасады

АСТАНА. 16 қаңтар. ҚазАқпарат - Жапония қаржылық гранттар арқылы Қазақстандағы қоғамдық ұйымдардың қайырымдылық жобаларына қолдау көрсетті.

Жапония гранттар арқылы еліміздегі қоғамдық ұйымдардың қайырымдылық жобаларына қолдау жасады

Атап айтқанда бүгін еліміздегі аталған мемлекеттің Төтенше және Өкілетті Елшісі Юдзо Харада Қазақстандағы ұйымдардың өкілдерімен гранттық келісімдерге қол қойды.

Қайтарымсыз көмек көрсету бағдарламасы Қазақстанда 1997 жылдан бері жүзеге асырылуда. Ол құжат ҮЕҰ және медициналық көмек көрсету мекемелерін қолдауға негізделген. 15 жылдың ішінде аталған бағдарлама арқылы елімізде 3,8 млн. АҚШ доллары көлеміндегі 57 жобаны қолдауға қаржылық көмек жасалған екен.

Мәселен, бүгінгі бекітілген келісімге сәйкес, 103 171 АҚШ доллары Қостанай облысында мүмкіндігі шектеулі адамдарды сауықтыру орталығының құрылысына бөлініп отыр.

Екінші жобаға 77 719 доллар қарастырылды. Бұл қаржы Қарағанды облысында қамқорлықсыз қалған қарт адамдар тұратын ұйымның тұрмыстық ахуалын жақсартуға бағытталды. Яғни, қарттар үйінің ғимаратына жөндеу жасалып, ондағы орындар кеңейтілмек.