Жапония мен АҚШ көшбасшыларының алғашқы кездесуі ақпан айында өтуі мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM - Жапония премьер-министрі Сигэру Исиба мен АҚШ президенті Дональд Трамптың алғашқы кездесуі 7 ақпанда Вашингтонда өтуі мүмкін. Қазіргі таңда екі ел үкіметтері бұл мәселе бойынша соңғы келіссөздерді жүргізуде, деп хабарлайды Kyodo News ақпарат агенттігі.

Вашингтон
Фото: wikipedia.org

Кездесудің басты мақсаты – Жапония мен АҚШ арасындағы одақтық қатынастарды нығайту. Екі ел қорғаныс пен қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты күшейтуге, сондай-ақ Қытай мен Солтүстік Кореяға қатысты бірлескен ұстаным қалыптастыруға мүдделі. Сонымен қатар, Жапонияның Nippon Steel компаниясының U.S. Steel-ді сатып алу жоспарына байланысты экономикалық мәселелер де талқыланады.

Трамп Жапониядан қорғанысқа бөлінетін шығынды арттыруды талап етуі мүмкін, ал Исиба өз үкіметінің бұл бағыттағы жаңа саясатын түсіндіруге ниетті. Сондай-ақ, ол Жапонияның АҚШ экономикасына ірі инвестор екенін атап өтіп, инвестицияларды кеңейту жоспарын ұсынбақ.

- Біз бұл кездесуді тезірек өткізуді қалаймыз. Ашық диалог арқылы одақтық қатынастарды жаңа деңгейге көтереміз, - деп мәлімдеді Исиба.

Бұған дейін Жапонияның орталық банкі соңғы 17 жылда мөлшерлемені ең жоғары деңгейге көтергенін жазған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар