Жапония өкімет орындары 5 мың адамның қаза тапқандығын қуаттады
АСТАНА. 14 наурыз. ҚазАқпарат - Жапония өкімет орындары жойқын жер сілкінісі мен одан кейінгі болған цунами салдарынан 5 мың адамның қаза тапқандығын қуаттады. Алайда бұл санның артуы да мүмкін екендігін айту керек, деп хабарлайды РБК агенттігі.
Жоғарыда айтылған тізімге бүгін түнде мәйіттері Мияги жағалауында табылған 2000 адам, сонымен қатар Сендай қаласында қаза тапқан 300 адам кіреді.
Билік мыңдаған адамдар із-түссіз жоғалғандар қатарында екендігін айтуда. Мысалға Минамисанирику қаласында сол жерде тұратын 9000 халықтың тағдыры әлі белгісіз.
Бұрынырақ кем дегенде осы қалада тұратын 1000 адамның опат болғандығы туралы айтылған еді.
Табиғат апатынан зардап шеккен барлық аудандарда құтқару операциялары жалғасып жатыр. Жапонияға шет елдерден көмек келуде, Ресей, Франция, АҚШ, Ұлыбритания елдері өз құтқарушыларын жіберген. Қытай, тіпті Ауғанстан елі көмек қолын созуға дайын екендіктерін жеткізген.