Жапония Өзбекстанға теміржол көпірлерін салуға көмектесті
ТАШКЕНТ. Тамыздың 30-ы. ҚазАқпарат /Расул Бахамов/ - Өзбекстанның оңтүстігінде Ташгузар-Байсын-Құмқорған теміржол учаскесінде бес жаңа көпір пайдалануға беріледі. Ағымдағы аптада аталмыш учаскемен алғашқы жолаушылар пойызы жіберілді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Өзбекстан темір жолдары» Мемлекеттік акционерлік теміржол компаниясынан хабарлағанындай, теміржолдағы бес көпірдің құрылысына 151 миллион доллар жұмсалды. Қаражат Жапония халықаралық ынтымақтастық банкінің жеңілдікті несиелерінің есебінен бөлінсе, ал жобалау құжаттарын жапондық компаниялар мен өзбек институттары әзірледі.
Мамандардың атап көрсетуінше, жаңа көпірлер жүк және теміржол тасымалдарының жол қашықтықтарын айтарлықтай қысқартады, сондай-ақ учаскенің өткізу мүмкіндігін арттырады. Ташгузар-Байсын-Құмқорған теміржол учаскесінің ұзындығы 223 шақырым (2007 жылы іске қосылған), Өзбекстанның оңтүстік өңірінің экономикасын және инфрақұрылымды дамыту тұрғысында бұл учаскеге үлкен маңыз беріліп отыр. Учаске Түрікменстанды айналып өтеді және жолаушылар мен жүк тасымалдарының жол қашықтығын бұрынғыдан 170 шақырымға қысқартады.
Көптеген қазақстандық кәсіпкерлердің экспорттық тауарларды - бидай, ұн, т.б. оңтүстік бағытта - Ауғанстан, Тәжікстан бағытында тасымалдау үшін Өзбекстанның теміржол транзитін пайдаланатынын айта кету керек.