Жапония парламенті екінші астана құру туралы заңды мақұлдады
АСТАНА. KAZINFORM – Жапония парламенті елдің резервтік астанасын құруды көздейтін заңды қабылдады, деп хабарлайды Kyodo агенттігі.
Жаңа тетік Токиода ірі жер сілкінісі, табиғи апат немесе өзге де төтенше жағдай болған жағдайда орталық мемлекеттік органдардың жұмысын басқа қалаға көшіруге мүмкіндік береді.
Заң жобасын Либералдық-демократиялық партия жетекшілік ететін билеуші коалиция ұсынды.
Жаңа нормаларға сәйкес, премьер-министр халық саны мен экономикалық даму деңгейіне қойылатын талаптарға сай келетін префектуралардың ішінен резервтік астананы таңдауға құқылы болады. Шешім өңірлердің өтінімдері негізінде қабылданады.
Бұл бастама былтыр қазанда Либералдық-демократиялық партия мен Жапонияның инновациялық партиясы (JIP) арасында жасалған коалициялық келісімнің бір бөлігі болды. Заңды қолдаушылардың пікірінше, резервтік астана ауқымды төтенше жағдай кезінде мемлекеттік институттардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді.
Оппозициялық партиялар бұл құжатқа қарсы шықты. Олардың пікірінше, заң көбіне дәстүрлі түрде Осакада қолдауға ие Жапонияның инновациялық партиясының мүддесіне сай келеді. Сыншылар бұл заң Осаканы елдің ірі әкімшілік орталығына айналдыру жобасын жүзеге асыруға ықпал етуі мүмкін деп есептейді.
Билеуші коалиция мен оппозиция арасындағы келіспеушіліктер бастаманы талқылауды екі аптаға жуық уақытқа созды. Даулы мәселелердің бірі жергілікті сайлау мен референдумдарды бір күнде өткізуге тыйым салу туралы ұсыныс болды. Құжатқа өзгерістер енгізілгеннен кейін оппозиция оны түпкілікті дауысқа салуға келісті.
Сол күні парламенттің жоғарғы палатасы Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі референдумдарды өткізу тәртібін жетілдіруге қатысты заң жобасын да қолдады. Сонымен қатар Кеңесшілер палатасы өзінің ресми атауын Сенат деп өзгерту туралы шешім қабылдады.
Бұған дейін Жапония сайлау кезінде әлеуметтік желілерді пайдалану ережелерін қатаңдатқанын хабарланды.