Жапония премьер-министрі жол апатына ұшырады

Оқиға сенбі күні ақылы жолдардың бірінде төлем жүргізу пунктінің жанында орын алды. Жапон автокөліктерінде жолда жүру ақысын автоматты түрде төлеуге арналған электрондық карточкалар орнатылған. Олар осы пункттің жанынан өткенде ақша карточкадан алынып, шлагбаум автоматты түрде көтеріледі. Жүргізушіге тек жылдамдықты азайтса ғана болғаны.
Алайда осы күні техникалық ақау салдарынан шлагбаум автоматты түрде көтерілмей қалған. Сол себепті премьер кортежінің алғашқы көлігі шұғыл тежегішті басады, оның артына екінші автомобиль, оған сәйкесінше үшіншісі келіп соғылады. Осылайша, премьер кортежінің бес көлігі апатқа ұшыраған, соның ішінде Абэ отырған лимузин де бар.
Үкімет басшысы зардап шекпеген, жол-көлік оқиғасының салдары жойылған соң ол сапарын жалғастырды. Абэ Солтүстік Кореяға қарсы митингке бара жатқан болатын.